«Реалды» Зиннедин Зидан жаттықтыратын болды
- Клуб басшылығының шешім қабылдауы қиынға соқты. Әсіресе, маған қиын болды. Рафа – нағыз кәсіби әрі тәжірибелі маман. Ал клубтың жаңа жаттықтырушысы Зидан болады. Мен оның есімін зор құрметпен айта аламын. Оның сөздік қорында «мүмкін емес» деген сөздің жоғын жақсы білемін, - деді Флорентино Перес.
Рафаэль Бенитес «Реал» тізгінін өткен жылдың маусым айында ұстаған еді. Одан бергі аралықта клубтың ойын нәтижесі (25 ойын, 17 жеңіс, 5 тең ойын, 3 жеңіліс) жанкүйерлер мен команда басшылығының көңілін көншітпеді. Нәтижесінде Рафаэль Бенитестің қызметінен кетуіне клубтың ала-құла өнер көрсетуі себеп болып отыр. Сондай-ақ испандық маман клуб ойыншыларымен де жақсы қарым-қатынаста болмағанын батыстық басылымдар ерте бастан-ақ хабарлаған болатын.
Айта кетейік, Зиннедин Зидан осыған дейін «корольдік клубтың» екінші командасы саналатын «Реал Кастильяны» жаттықтырып келген еді.