«Реал» стадионына атау іздеуде...
Әлемдегі ең алпауыт компаниялардың бірі саналатын «Coca-Cola» «корольдік клубтың» қазіргі стадионының атына өз бірлестігінің атын қосуды ұсынып отырған көрінеді. Ол үшін компания Флорентино Перес ұжымына жылына 80 миллион еуро төлеуге дайын екенін мәлімдеген. Ал осыған дейін «Реал» басшылығы «Microsoft» компаниясымен де келіссөздер жүргізіп көрген болатын. Алайда бұл компания жылына 50 миллион еуро төлеуге ғана келіскен еді. Бұл ақпаратты испандық Mundo Deportivo басылымы да нақтылап отыр. Олардың жазуынша, қайтадан құрылымдап жасалып шығатын мадридтік команда стадионының аты «Сантьяго Бернабеу – Coca-Cola» немесе «Coca-Cola Бернабеу» деп аталуы мүмкін деп хабарлауда.
Қазіргі таңда компаниялардың демеушілігі арқылы аталатын стадиондар жоқ емес. Олардың қатарында «Бавария» («Альянс»), «Арсенал» («Эмирейтс») және «Манчестер Сити» («Этихад») командаларының стадиондары бар.
Естеріңізге сала кететін болсақ, мадридтік клуб стадионы 1947 жылы салынып, кейіннен 1955 жылы сол кездегі «Реал» президенті Сантьяго Бернабеудің есімін алған болатын.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: merengues.ru