"Реал" ширек финал мәселесін шешті

О Сансызбай Корреспондент

«Галатасарай» (Түркия) 1 – 1 «Челси» (Англия)


Кездесу алғашқы минуттардан бірқалыпты басталды. Аса жоғары жылдамдықта басталмаса да, ойын соңына дейін екі команда ойын қарқынын жоғалта қоймады. Алайда алаң иелері қақпашысы Фернандо Муслераның қателігі 5 минутта-ақ есеп ашуға мүмкіндік сыйлаған-ды. Десе де доп қақпа торынан табылмады. 9 минутта Аспиликуэтаның тамаша пасын Фернандо Торрес сәтті пайдаланып есеп ашты. Алғашқы таймда осы есеп сақталып қалды. Екінші таймды алаң иелері тың серпінмен бастады. Дидье Дрогба бұрынғы командаластарына қарсы сәтті өнер көрсетті. Бірнеше мүмкіндік те тудырып берді. Роберто Манчини шәкірттерінің дегені 65-ші минутта орындалды. Бұрыштамадан асырылған допты Шеджу Чех қақпасына тоғытты. Ойынды алаң иелері қолда ұстағанымен «ақсүйектер» қорғанысын бұзып-жарып өте алмады. Нәтижесінде таблодағы 1:1 есебі сақталды.

«Шальке-04» (Германия) 1 – 6 «Реал» (Испания)


Мадридтік «Реал» ширек финал мәселесін шешіп қойды десек болады. Гельзенкирхенде жергілікті «Шальке-04» командасын 1:6 есебімен ойсырата жеңді. Ойынды алаң иелері тәп-тәуір бастағанымен, азулы қонақтар өз мықтылығын танытып кетті. Карим Бензема, Гарет Бэйл және Криштиану Роналду дубль авторлары атанды. Ал Йенс Келлер шәкірттері соңғы минутта ғана бір доппен жауап қата алды. Гол авторы – Класс-Ян Хунтелаар. 

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама