«Реал» мен «ПСЖ» жеңіс тойын тойлады

О Сансызбай Корреспондент

«ПСЖ» (Франция) 3 – 1 «Челси» (Англия)


Париждік команда өз алаңында жеңіске жетпесе, сырт алаңда оңай соқпасын сезініп шықты. 4 минутта қонақтар қақпасы алдындағы қарбалас сәтте Эсекиэль Лавесси есеп ашты. Петр Чех бұл допты қайтаруға дәрменсіз болатын. 27 минутта алаң иелері капитаны Тиаго Сильва өз айып алаңында ереже бұзды. Және Милорад Мажич пенальти белгіледі. 11 метрлік айып добын Эден Азар сәтті орындады. Таразы басы теңескеннен кейін желпіне түскен «ақсүйектер» алаң иелерінің бірнеше қателіктерін пайдалана алмады. Есесіне екінші таймда қақпаларына екі доп жіберіп алды. 61 минутта Давид Луис өз қақпасына автогол соқты. Ал кездесу аяқталар тұста ойынға тыңнан қосылған Пасторе лондондық команданың үш бірдей қорғаушысын қапыда қалдырып, есепті еселеп кетті. Енді «Челсиге» де өз алаңында оңай болмасы анық. «ПСЖ» қатарынан Златан Ибрагимович мен Вератти жарақат алды. Әзірге футболшылардың қарымта кездесуге қатысу, қатыспауы белгісіз.

«Реал» (Испания) 3 – 0 «Боруссия д» (Германия)


«Корольдік клуб» өз алаңында айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл кездесуде де жылдам гол соғылды. Бензема бастаған шабуыл Бэйлдың гол соғуымен аяқталды. Екінші голды Иско 27 минутта өз еншісіне жазды. Алғашқы таймда Роналдудың айып добынан бағыттаған бірнеше соққысын қонақтар қақпашысы әрең қайтарды. Дегенмен португалдық шабуылшы өз дегеніне екінші таймда жетті. Лука Модричтен тамаша пас қабылдаған Роналду асқан шеберлікпен дортмундтық команданың қақпасына үшінші допты тоғытты. Осылайша португалдық шабуылшы Чемпиондар лигасындағы 100-ші кездесуінде гол соқты. Мұндай 100-ші кездесулерінде осыған дейін Тьери Анри мен Златан Ибрагимович гол соққан. Сонымен қатар, Роналдудың бұл маусымдағы голдарының саны 14-ке жетті. Енді футболшының рекорды 2011/2012 жылғы Месси рекордымен теңесті. Сонымен қатар, аздап жарақаты бар футболшы 79 минутта денсаулығына байланысты өз орнын босатуға мәжбүр болғандай көрінген. Дегенмен Карло Анчелотти футболшының жарақат алмағанын хабарлады.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама