Футболдан Еуропаның басты бәсекесі саналатын Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан екі команда белгілі болды. Оның бірі Реал (Испания), екіншісі Ливерпуль (Англия). Мадридтің Реалы Париждің ПСЖ клубын қарымта ойында да ұтты. Бірінші кездесуде 3:1 есебімен басым түссе, түнде өткен ойында 2:1 есебімен айласын асырды. Қос ойын қорытындысы бойынша ширек финалға шықты. Қарымта ойында корольдік клуб сапынан Криштиану Роналду мен Каземиро гол соқты. ПСЖ командасы соққан голды шабуылшы Эдинсон Кавани өз еншісіне жазды. Бұл ойынға жарақатына байланысты париждік клубтың үздік ойыншыларының бірі Неймар қатыса алған жоқ. Ағылшындық Ливерпуль бірінші ойыннан кейін-ақ ширек финалға шығуға нықтап қадам жасаған. Ол ойында Портуды ойсырата ұтқан. Жауапсыз 5 гол соққан еді. Түнде өткен кездесуде мерсисайдтық команда қарсыластарымен тең түсті. 0:0 есебімен тарқасты. Бүгін түнде ширек финалға шыққан тағы екі команда белгілі болады. Манчестер Сити Базель, Тоттенхэм Ювентус командаларының қарымта кездесулері өтеді.