Рахымбаев экипажы мәрені оныншы болып кесті
Төртінші кезеңнің жеңімпазы болып испандық Карлос Сайнс (SMG) танылды. Ол барлық жолды 5 сағат 20 минут 32 секундта басып өтті. Екінші орын француз Стефан Петерансельге («MINI») бұйырса, катарлық Нассер Аль-Аттия үшінші тұғырдан көрінді.
Қазақстандық-ресейлік экипаж Айдын Рахымбаев пен Владимир Демьяненко мәре сызығын оныншы болып кессе, Денис Березовский мен Игнат Фальков экипажы 50-ші болып бұл кезеңді аяқтады.
Жалпы төрт кезең қорытындысы бойынша, жол талғамайтын санаттағы көліктер арасында Сайнс көш бастап тұр. Екінші орында испандық Нани Рома, үшінші болып катарлық Нассер Аль-Аттия келеді. Ал Айдын Рахымбаев экипажы осы кезеңнен кейін 21-ші орыннан 15-ке көтерілді.
Ауыр жүк көліктері арасында голланд Жерар де Рой («Iveco») топ жарды. Ол барлығы 657 шақырым жолды 6 сағат 6 минут 40 секундта жүріп өтті. Ал еліміздің осы санатта намысын қорғап жатқан Артур Ардавичус, Алексей Никижев және Радим Капланек экипажы бұл кезеңде 40-шы болып мәреге жетті. Қорытынды есепте 32-ші орында келеді.
Бүгін «Дакар-2014» ралли-марафонының бесінші кезеңі өтеді. Чилекито мен Тукуман арасындағы қашықтық жол талғамайтын көліктер үшін 911 шақырым болса, ауыр жүк көліктері үшін 527 шақырым жолды құрайды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: idrive.kz