Пхенчханда өтіп жатқан ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарында шаңғы спортынан ерлер арасында 50 шақырымдық масс-старт жарысы ғана қалды. Бұл сайысқа норвег спортшысы Йоханнес Клэбо қатыспайтын болды, - деп жазадыNRK басылымы. Клиссикалық стильдегі 50 шақырымдық марафонға қатысатын спортшылары қатарында қазақстандық Алексей Полторанин де бар. Отандасымыз жүлдеден үмітті шаңғышылардың бірі. Ал Йоханнес Клэбо да фавориттердің бірі болып саналып келген. Норвег спортшысы үшін Пхенчхандағы дода сәтті өтті деуге болады. Ол эстафета, командалық спринт пен спринтте алтын медаль жеңіп алды. Қазір үш бірдей алтын жүлдесімен француз биатлоншысы Мартин Фуркадпен бір қатарда тұр. Спортшы Пхенчхандағы осы жетістігін қанағат тұтып, алдағы Әлем кубогы кезеңіне дайындалу үшін еліне аттанған. Қазір спортшы бұл жарыста көш бастап келеді. - Йоханнес Клэбо осы жетістігіне көңілі толатынын айтты. Сондықтан марафон сайысына қатысуға зауқы болмады, - дейді Норвегия құрамасының жаттықтырушысы Тор Арне Хетланд. Қазақстандық спортшы Алексей Полторанин де 50 шақырымдық марафонға тыңғылықты дайындалуда. Осыған дейінгі сайыстарда отандасымыз жүлделі орыннан көріне алған жоқ. Классикалық стильдегі 50 шақырымдық масс-стартта фаворит спортшылардың қатарында норвег Мартин Йонсруд Сундбю, фин Матти Хейккинен мен канадалық Алекс Харви бар. 24 ақпан күні өтетін жарысқа Қазақстан атынан Алексей Полтораниннен өзге Виталий Пухкало, Евгений Беличко мен Денис Волотка қатысады.