Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин қысқы Олимпиада ойындарынан кейінгі алғашқы жарысында жеңіс тұғырына көтерілді. Отандасымыз Лахтиде (Финляндия) өткен әлем кубогының тоғызыншы кезеңінде топ жарды. 15 шақырымды классикалық әдіспен жүріп өту сайысында Алексей үздік екенін тағы бір дәлелдеді. Аталған қашықтықты 33 минут 11,9 секундта бағындырып, бәрін басып озды. Күміс жүлдені ресейлік шаңғышы Александр Большунов иеленді. Қола медальға Пхенчхандағы Олимпиада ойындарында марафон жарысында жеңімпаз атанған фин Ийво Нисканен ие болды. Айта кетейік, Пхенчхандағы ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарында Алексейдің оң жамсбасына келетін 15 шақырымды классикалық әдіспен жүріп өту сайысы жарыс бағдарламасында болған жоқ.