Перуде төреші мен футболшы жай отынан жарақат алды (видео)
Оқиға ойынның екінші таймында орын алған. Қатты жаңбыр жауып, күн күркіреген. Найзағай жарқылдап, жай оты тура Жоао Контрерас кетіп бара жатқан алаң бөлігіне түскен. Нәтижесінде, ойын тоқтатылып, футболшы ауруханаға жөнелтілген. Медициналық тексерудің қорытындысы бойынша, оның аяғы күйіп қалған. Ал жағдайы ауыр халде деп хабарланып отыр. Басылым таратқан ақпарат бойынша, Жоаодан өзге алаң жиегіндегі төреші Абраам Лоаиза мен тағы бір футболшы Хулио Риос та жарақат алған.
Бұл оқиға футбол тарихындағы жай түскен алғашқы жағдай емес. Ел құлағын елең еткізген оқиға 1998 жылы Конго Демократиялық Республикасында орын алған болатын. Ойын кезінде алаңға жай түсіп, қонақ команданың 11 ойыншысы да зардап шеккен. 6 ойыншы ауыр жарақат алса, 2 футболшының өмірін құтқарып қалу мүмкін болмаған екен. Бір қызығы, алаң иелерінің ешбір ойыншысына зиян келмеген.
2001 жылы Гватемаладағы «Депортиво Чикимулилья» мен «Пуэбло Нуэво Винас» командалары арасындағы ойында жай отынан екі футболшы алаңда көз жұмған. Оның бірі – 16 жастағы Росбин Юман болса, екіншісі – 24 жастағы Лестер Марриокуин. Одан өзге, 10-ға жуық ойыншыны күйік шалған.
2002 жылы Колумбия футболының ардагері Эрман Гавирья да команданың жаттығу жұмыстары кезінде жай отынан жарақат алып, дүние салған.
Дәл осы жылы Оңтүстік Африка Республикасының Йоханнесбургке жақын маңдағы Бенони қалашығындағы ойындардың бірінде де алаңға жай түскен. Оқиғаға куәгер болған жанкүйерлер де аздап жарақат алған. Ал алаңдағы ойыншылардың тең жартысының аяқтары күйіп алған. Бір ойыншы оқиға орнында тіл тартпай кеткен.
2006 жылы Данияның әуесқой лигасында бақ сынайтын екі команда ойынында алаңға жай түсіп, 17 жастағы футболшы бір күннен кейін дүниеден озған. 2009 жылы да аталған елдің «Нордсьелланд» футбол клубының ойыншысы Джонатан Рихтер де жай отынан зардап шегіп, дәрігерлер көмегімен құтқарылған.
2014 жылдың көктемінде де дәл осындай оқиға Австрияның «Силлиан» мен «Люссниг» командалары арасындағы ойында орын алды. Жай отынан 8 ойыншы жарақат алса, 24 жастағы Томас Вальдер жедел жеткен тікұшақпен ауруханаға жеткізіліп, аман қалған еді.
Сурет: sport-xl.org