Павлодарда қазақ күресінен әлемдік дода өтеді

О Сансызбай Корреспондент

Қазақ күресінен тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған додаға «сен тоқта, мен атайын» деген әлемнің ауыр салмақтағы 32 палуаны қатысады. «Қазақстан Барысы» секілді жекелей сында белдесетін балуандар өзара мықтыны анықтайтын болады. Барлық қарсыластарының жауырынын жер иіскеткен палуан 150 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақыға ие болады. Сонымен қатар, бір елден бетке ұстар бір ғана балуан қатыса алады. Жарыс жоғары деңгейде, халықаралық турнир деген мәртебеге лайық болу үшін салмағы арнайы 90 келіден жоғары дүлей күш иелері шақыртылып отыр.

Бұл дода да ұлттық спортымызды жаңа белеске көтеру үшін қолға алынып отырған игі істердің бірі. Осыған дейін қазақ күресінен әлем, Еуропа және Азия чемпионаттары өткен болатын. «Қазақстан барысы» мен былтыр алғаш рет ұйымдастырылған «Еуразия барысы» да төл спортымызды танытып келеді. Командалық түрде өтетін «Еуразия барысы» биыл Тараз жерінде екінші рет ұйымдастырылатын болады. Ал тұңғыш рет өткелі отырған «Әлем барысы» жобасы да алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын тауып тұрмақ.

«Қазақстан барысы» мен «Еуразия барысы» додаларындағы тікелей көрсетілім секілді, «Әлем барысы» аламанын да отандық телеарналармен қоса ресейлік «Боец» пен Түркияның «ТРТ-Аваз» арналары да өз уақытында тарататын болады.

Қазіргі уақытта балуандар бәсекесінің билеттері сатылымға шығып үлгерді. Билеттің құны – 5 000, 10 000, 15 000 теңгені құрайды. Тағы бір айта кететіні, билеттер бойынша көрермендер арасында жүлде ойнатылмақ. Жүлдеге «Nissan Almera» автокөлігі тігіліп отыр. Көрермен болып барып, сіздің де жеңімпаз атанып қайтуыңызға мүмкіндік бар. Ал ел намысын қорғайтын палуандар туралы ақпаратты алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: zhusan.pro, facebook.com

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама