Озил жанкүйерлерінен кешірім сұрады
«Канонирлер» кеше Манчестерде жергілікті командадан 6:3 есебімен ойсырай жеңілді. Ойын аяқталысымен Арсен Венгер шәкірттері Лондоннан келіп қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне өз рақметтерін жеткізген болатын. Алайда бұл сәтте Месут командаластарының арасынан табылмаған-ды. Футболшының бұл қылығына команда капитаны Пер Мертазакер де реніш білдірді.
- Өкінішке орай, қызуқандылық салдарынан жанкүйерлеріме рақметімді жеткізбедім. Олар кездесуге ұзақ жол жүріп, көп ақша құртып келгенін білемін. Сондықтан сол қылығым үшін жанкүйерлерімнен кешірім сұраймын – деді футболшы facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.
Естеріңізге сала кетсек, «Манчестер Сити» осы жеңісінен кейін турнир кестесінің 3-ші сатысына көтерілді. Ал «Арсенал» көшті бастап келеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: sports.ru