Өзбек төрешісі қазақ футболшыларына үлкен сенім білдірді
- Мен алты ай бұрын Түркия мен Бразилия арасында өткен жолдастық кездесуде төрелік еттім, ол Стамбұлда болған еді. Сол ойында бразилиялықтар 4:0 есебімен жеңіске жетті. Жақында Қазақстан - Буркина-Фасо кездесуінде бас қазы болдым. Сөйтіп, екі команданың да ойынын көрдім. Мен Қазақстанның Түркиямен күресуге, тіпті жеңуіне әлі жетеді дер едім, - деді Равшан Ирматов.
Төрешінің айтуынша, қазақстандықтардың өз жерінде ойнауы, жанкүйерлерімен бірге болуы да ойынның нәтижесіне оң әсер етеді. Өзбек төрешісі қазақ футболшыларына сәттілік те тіледі.
- Түркия қиын кезеңді басынан кешіріп жатыр, сондықтан Қазақстан құрамасының бұл ойында жеңіске жетуіне мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Көршілерімізге сәттілік тілеймін,- деді ол.
2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінің "А" тобында бақ сынап жатқан отандастарымыз топта 1 ұпаймен соңғы орында келеді. Фатих Терим жаттықтыратын Түркия құрамасы 5 ұпаймен төртінші орында тұр. Сондай-ақ бүгін бұл топта Исландия мен Чехия, Латвия мен Нидерланды 3 ұпайды өзара сарапқа салатын болады.
"А" тобы. Турнир кестесі Орын Ұлттық құрама Ойын Жеңіс Тең нәтиже Жеңіліс Доптар Ұпайлар 1 Чехия 5 4 1 0 11-6 13 2 Исландия 5 4 0 1 12-2 12 3 Нидерланды 5 2 1 2 11-6 7 4 Түркия 5 1 2 2 6-8 5 5 Латвия 5 0 3 2 2-11 3 6 Қазақстан 5 0 1 4 4-13 1
Айта кетейік, Қазақстан мен Түркия арасындағы кездесу 12 маусым күні Алматының орталық стадионында өтеді. Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де басталады. Қазіргі таңда 17 000-нан астам билет сатылған.
Отандастарымызға жеңіс тілейміз!