Оспановтың оралуы. Қазақстандық спортшының қарсыласы анықталды
Арман Оспанов жарақатына байланысты ұзақ уақыт жекпе-жектерге шыққан жоқ. Қазақстандық спортсүйер қауым да спортшының октагонға оралғанын күтті.
АСА 95 турнирінде отандасымыз неміс спортшысы Лом-Али Эскиевпен шайқасады. Тегі шешен болып келетін файтер соңғы жылдары Дюссельдорфқа қоныс аударған. Германияда "Арыстан" деген лақап атпен танымал. Сегізбұрышта 20 жекпе-жек өткізіп, 15-де жеңіске жеткен. 4 рет ұтылып, 1 рет қарсыласымен тең түскен.
Лом-Али Эскиев Германиядағы болашағы зор спортшылардың бірі саналады. 2013 жылы RNC-Martial Arts Gala турнирі кезінде қарсыласы Вугар Бахшиевті 13 секундта ұтып шыққан. Осыдан кейін спортшының танымалдылығы артқан.
"Сұңқар" соңғы рет 2017 жылдың желтоқсан айында жекпе-жек өткізді. Ресейлік Александр Полпудниковке төрешілер шешімі бойынша жол берді. Одан кейін жарақатынан емделді. Былтыр бірнеше рет жекпе-жек өткізу жоспарланғанмен, жүзеге аспады. Бірінде қарсыласы шықпай қойса, бірінде тағы бір себептер туындады. Енді сәуірде Оспановтың октагонға оралуын күтеміз. Жекпе-жек жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде өтеді.