Орынборда қазақ күресінен бесінші әлем чемпионаты өтеді
Қазақ күресінен байрағын желбіреткелі жатқан бесінші әлем чемпионатына Қазақстан құрамасынан өзге Австрия, Венгрия, Германия, Грекия, Үндістан, Иран, Испания, Италия, Қазақстан, Қытай, Латвия, Литва, Моңғолия, Ресей, Түркия, Франция, Финляндия, Швеция, Эстония және басқа да елдердің балуандары қатысады.
Орынбор боз кілемінде ел намысын Айдос Сепыұлы ( 55 келі), Ғайни Келдіқұлов (60 келі), Ғалымжан Әбдірахманов (70 келі), Тоқтар Қарқатеров (80 келі), Мақсат Исақабылов (90 келі) және Айбек Нұғымаров (+90 келі) қорғайды. Сонымен қатар, 2014 жылғы «Қазақстан барысы» Мұхит Тұрсынов абсолютті салмақ дәрежесінде белдесетін болады.
Бұл доданың басты фавориттерінің бірі де – отандастарымыз. Ресей құрамасы да екі алтын медаль алуды жоспарлап отыр екен. Бірінші орыннан көрінген спортшыға 2 000 АҚШ доллары берілсе, екінші орын алған балуанға - 1 000 АҚШ доллары, үшінші орынды иеленген боз кілем шебері 500 АҚШ долларын иеленеді.
Айта кетейік, 22 қараша күні қазақ күресінен Тараз қаласында «Еуразия барысы» халықаралық турнирі өткен болатын. Отандастарымыз финалдық белдесулерде моңғол балуандарына есе жіберіп, екінші орыннан көрінген-ді.
Сурет: massaget.kz