«Ордабасы» «Ақтөбе» қақпасына алғаш рет үш гол соқты (видео)
Шымкентте жергілікті «Ордабасы» ақтөбелік клубты 3:1 есебімен ұтты. Алдымен Азат Нұрғалиев пенальтиді сәтті орындаса, бірінші тайм ақталар тұста Эдин Юнузович есепті 2:0-ге жеткізді. 54 минутта Азат Нұрғалиев дубль авторы атанды. Қонақтар сапынан клубтың өзбекстандық легионері Бобир Давлатов бір голды өз еншісіне жазды.
Бақтияр Байсейітов жаттықтыратын шымкенттік клуб өз тарихында «Ақтөбені» бесінші рет жеңіп отыр. Осыған дейін өткізген 36 ойынның 4-де ғана «Ордабасы» жеңіске жетіп, 10 ойын тең аяқталған. Сондай-ақ шымкенттік ұжым «Ақтөбе» қақпасына алғаш рет үш гол соқты.
«Тобыл» мен «Ертіс» те маусымды жеңіспен бастады
Қостанайдың «Тобыл» клубы өз алаңында премьер-лигаға жаңа қосылған «Ақжайықпен» кездесті. Өз алаңында өткен ойында қостанайлықтар қонақтарды бір доп басымдығымен ұтты. Ойындағы жалғыз голды украиналық легионер Константин Дудченко соқты. Ол осыған дейін Павлодардың «Ертіс» клубында ойнап келген болатын. Жаңа маусымдағы жаңа клубындағы бірінші ойынында-ақ нәтижелі ойынымен көзге түсіп отыр.
«Ертіс» те ұпай жоғалтқан жоқ. Өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпес» клубын ұтты. Алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды 41 минутта Сергей Малый соқты.
Айта кетейік, кеше «Астана» өз алаңында «Шахтерды», «Тараз» «Қайратты» ұтса, Талдықорғанда «Жетісу» мен «Атырау» тең ойнаған болатын.