"Өнер барысы" - жұлдыздардың боз кілемдегі жарысы

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ tengrinews.kz

Бәсекеге эстрада жұлдыздары, айтыскер ақындар, театр және кино әртістері қатысады. Ұзын саны 18-ге жетеді. Барлығы дерлік халыққа танымал өнерпаздар. Ешбірі кәсіби спортшы емес.

Жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін, әсіресе қазақ күресін дамыту және дәріптеу, сондай-ақ жастарды саламатты өмір салтын ұстануға баулу. Турнирді ұйымдастыруға Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы, Қазақ күресінен Қазақстан федерациясы, "Хабар" телеарнасы және "Айтыс - асыл мұра" қоғамдық қоры мұрындық болуда.

Жарыс ережесі бойынша қатысушы өнерпаздар екі топқа бөлінеді. Бірінші топта 60-74 кг салмақ дәрежелеріндегі қатысушылар белдессе, екінші топта 75-90 кг салмақтағы өнерпаздар боз кілемге шығады. Яғни, екі салмақ дәрежесі бойынша екі жеңімпаз анықталады.

"Өнер барысына" қазақстандық тәжірибелі төрешілер қазылық жасайды. Шоу емес, нағыз тартысты бәсеке болмақ. Кәсіпқой спортшылар болмаса да, қазақ күресінің ережелері қатаң сақталатын болады.

- Бұл жобаның  ұлттық құндылығымызды сақтау мен жаңғырту жолындағы маңызы жоғары. Барлық қатысушылардың құлшынысы жоғары. Тірліктерін ысырып қойып, осы жобаға қатысу үшін жаттығуларын жасап келеді. Барлығы жеке жаттықтырушыларымен бір айдан бері жаттығып жүр. Бұл нағыз спорттық бәсеке болмақ, - деді Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов кеше өткен брифингте.

- Сырға таққан, шаш бояған, ыңырсыған, жабысқақ денесін көрсетіп тұратын киім киіп, тыртың-тыртың етіп билеген өнер адамдары біздің жастарымызға үлгі болмасын. Біздің жастарымызға үлгі болатын шынымен білекті, жүректі, ер мінезді, отбасына ие бола алатын азаматтар. Сондай идеядан шыққан негізі.

Қатысушылар тек танымал өнерпаздар ғана емес. Кішкентай кездерінде кейбірі күрес түрлерімен шұғылданғандар да. Мысалы, Қайрат Нұртас 4,5 жылдай еркін және грек-рим күресіне қатысқан, - дейді жоба авторы, айтыскер ақын Балғынбек Имашев.

Өнерпаздардың боз кілемдегі бәсекесі 21 наурыз күні Астанадағы "Дәулет" спорт кешенінде өтеді. Билеттер бағасы 1000 теңге мен 3000 теңге аралығында. Тікелей эфирде "Хабар" арнасы көрсетеді.

Сонымен "Өнер барысына" Қайрат Нұртас, Абай Аязбаев, Серік Ибрагимов, Мейіржан Төребаев, Амангелді Өтешов, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Аян Өтепберген, Нұрлан Мұсаев, Еркебұлан Дайыров, Әлібек Серғалиев, Нұрболат Абдуллин, Ардақ Байғабыл, Ғалым Махамбетов, Ақболат Өтебай, Сырымбет Бибосынов, Хамит Ердехан және тағы басқа өнерпаздар қатысады.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама