2014 жылғы Сочи Олимпиадасында Қазақстанның туын көтеріп шыққан шаңғышы Ердос Ахмадиев допинг пайдаланғаны үшін 4 жылға спорттан шеттетілді. Ұлттық антидопинг орталығының ресми сайты жариялаған тізімде Ердостан өзге ескек есуші Софья Емельянова, ауыр атлет Гүлназ Шәмиева мен биатлоншы Анна Кистанова бар. Сочидегі төртжылдықтың басты додасында Қазақстанның туын көтеріп шыққан Ердостың допинг сынамасынан мельдонийдің артық мөлшері табылған. Ол 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен Азия ойындарында эстафеталық жарыста күміс жүлде алған болатын. Шаңғышы 2022 жылдың қаңтар айына дейін жарыстарға қатыса алмайды. Гүлназ Шәмиева мен Софья Емельянова да 4 жылға спорттан шеттетілген. Ал Анна Кистанова 2019 жылдың қазан айының соңынан бастап жарыстарға қатыса алады.