Үш бірдей Олимпиада ойындарында жүлде алған қазақстандық жеңіл атлетОльга Рыпакова7 маусым күні Норвегия елінің астанасы Ослода өтетін Гауһар лиганың бесінші кезеңіне қатысады. Жарысқа қатысушылар қатарында басты бәсекелестерінің бірі колумбиялықКатрин Ибаргуэнде бар, - деп хабарлайды Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы. Әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысы Гауһар лиганың биылғы маусымында осымен екінші рет қосылып отыр. Бұған дейін алғашқы старт 12 мамырда Шанхайда басталған. Оған Ольга Рыпакова қатыспаған еді. Осы жолы Ослода 9 атлет бақ сынайды. Үшеуі Шанхайдағы кезеңде жүлдеге іліккендер. Қытайда колумбиялықКатрин Ибаргуэн 14.80 метрмен чемпион атанған. Екінші және үшінші орынды ямайкалықШаниека Риккетс(14.55) пенКимберли Уильямс(14.35) өзара бөліскен болатын. Ал өзге алты спортшы жарысты Ослодан бастамақ. Мамандар Норвегияда жоғарыдағы үштікпен қатар Ольга Рыпакова жүлдеге таласады деп отыр. Сондай-ақ 12 мамырда Франциядағы жарыста 14.84 метрге секіріп, көпшілікті таңқалдырған америкалықТори Франклинде Ослоға келеді. Бұл биылғы маусымдағы ең үздік көрсеткіш. Былтырғы жылы бұл межеден тек Катрин Ибаргуэн мен Юлимар Рохас ғана асқан болатын. 2017 жылы 14.09 метрмен шектелген Франклиннің бір жылдың ішінде осындай нәтиже көрсетуі қол соғуға тұрарлық. Сондай-ақ германиялықКристин Гиришпен грекиялықПараскеви Папахристу, украиналықОльга Саладухажәне жергілікті спортшыЮтси Онстаджарыс көрігін қыздыратын болады.