Үш бірдей Олимпиада ойындарында жүлде алған қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова Норвегия елінің астанасы Ослода өткен Гауһар лиганың бесінші кезеңінде жүлделі орыннан көріне алмады. Ольга осы маусымдағы алғашқы жарысына қатысты. Осыған дейінгі кезеңдеріне қатыспаған еді. Бесінші кезеңде отандасымыз 6-орыннан көрінді. Үздік нәтижесі 14,12 метр болды. Ал 14,89 метрге қарғыған колумбиялық спортшы Катрин Ибаргуэн жеңімпаз атанды.Күмісті Тори Франклин (АҚШ,14.57 м), қола жүлденіКимберли Уильямс (Ямайка, 14.50 м) иеленді. Гауһар лигасы 14 кезеңнен тұрады. Оның екеуі финалдық сайыс болып саналады. Жарыста Шығыс Қазақстан облысының Altay athletics кәсіби жеңіл атлетика клубының кениялық желаяғы Дэйзи Джипкемей қола жүлдегер атанды. 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден қатысқан болатын. Жалпы, жарыс жолына 12 спортшы шықты. Ослоға бұл сайыс түрінен мықтылардың барлығы келген. 2017 жылғы әлем чемпионатының тұғырына көтерілген үштіктің бәрі бой көрсетті.Атап айтсақ, америкалық Эмма Кобурн мен Кортни Фрерикс және кениялық Хивин Киенг Джепкемой. Ослода бірінші-екінші орынды Киенг Джепкемой мен Кобурн өзара бөлісті. Үштікті Altay athletics Дэйзи Джипкемей қорытындылады.