Ольга Рыпакова Лондондағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ kazathletics.kz, eurosport.ru

Отандасымыз үш қарғып секіруден сынға түскендердің арасында фавориттер қатарында болды. Бірінші мүмкіндігінде 14,45 метрге секіріп, бірден көш бастады. Дегенмен ізін ала венесуэлалық Юлимар Рохас (14,55 м) пен колумбиялық Катрин Ибаргуэн (14,67 м) алға озды.

Ольга Рыпакова екінші мүмкіндігінде қарғу сызығын басып кетіп, нәтижесі есепке алынбады. Ал Юлимар 14,82 метрге секіріп, Катрин 14,69 метрді еңсерді. Отандасымыз үшінші мүмкіндігінде 14,77 метрге қарғып, екінші орынға шықты. Алайда Юлимар мен Катрин өз көрсеткіштерін жоғарылатып, Ольганы алға оздырмады.

Бұдан кейін Ольга 14,32 метрге, бесінші мүмкіндігінде 14,52 метрге, ал соңғысында 14,36 метрге секіріп, әлем чемпионатын үшінші орынмен аяқтады.

Жарыс қорытындысы бойынша 14,91 метрге секірген венесуэлалық Юлимар Рохас әлем чемпионы атанды. Күміс Колумбия аруы Катрин Ибаргуэнге бұйырды. Ол жеңімпаздан 2 милиметрге қалып қойды. Ал осы маусымдағы үздік көрсеткішіне қол жеткізген Ольга Рыпакова (14,77 м) қола медальды қанағат тұтты.

Айта кетейік, Ольга Рыпакова үшінші рет әлем чемпионатында жүлделі орыннан көрініп отыр. Осыған дейін Тэгуде (2011 жыл) – күміс, 2015 жылы Бейжіңде қола жүлдегер атанған еді.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама