Нұр-Сұлтанда триатлоннан өткен Әлем кубогінің жеңімпаздары анықталды
Әйелдер арасында Жапония намысын қорғаған Аи Уеда керемет сайыс көрсетіп, алтыннан алқа тағынды. Өзен суының сараптамасына қатысты сұрақтар туындауына орай, бас техникалық делегат сайыс форматын триатлоннан дуатлонға (5 км жүгіру, 40 км велокезең, 10 км жүгіру) өзгерткенімен, Аи Уеда әлемнің ең тәжірибелі триатлеттерінің бірі екендігін дәлелдей білді. Ол көрсеткен уақыт – 1 сағат 56 минут 38 секунд. 1 сағат 56 минут 55 секунд нәтижесімен ирландиялық Кэролин Хайес күміс жүлде еншіледі. Үздік үштікті британдық Кейт Во (1 сағат 57 минут 28 секунд) түйіндеді.
"Соңғы 10 шақырымға мен бар күшімді салдым", - деп қуанышымен бөлісті Аи Уеда. "Жуырда болатын Азия чемпионатын асыға күтіп жүрмін және Абу-Дабиде алған жарақатымнан кейін өз бабыма оралып келемін. Құрмет төріне қайта оралу қуантып қана қоймай, Әлемдік сериадағы алғашқы жарысқа түсуіме көп күш береді" - деді.
Ерлер арасында сынға түскен спортшылар арасында бәсеке жоғары болды. Себебі, Халықаралық Триатлон Одағы рейтингінің үздіктері жарыс алаңына шыққан болатын. Дегенмен, үздік нәтижені Әлем кубогінің Ченгдуда өткен кезеңін жеңіп алған аустралиялық Мэтью Хаузер көрсете білді. Ол 1 сағат 43 минут 51 секундта мәреге жетті. Жеңімпаздан 13 секунд кеш келген ОАР елінің спортшысы Виан Сулуолд екінші орыннан көрінді. Вианға 4 секунд жеңілген АҚШ өкілі Мэтью Макэлрой қола жүлдеге ие болды.
"Осы додада өз күшімді шындап көрсеткім келді және ақырғы кезеңде жоғары жылдамдықты ұстап отыруға күшім жеткеніне қуаныштымын", - деді Хаузер, - "Аралас эстафетадан өткен сайыстарда мен өзіме қажетті тәжірибе мен сенімділік алдым әрі бүгін өзіме бірнеше маңызды нәрселерді дәлелдегім келді. Мәреге аз қалғанда қарсыласымнан озып түсе алғаныма қуаныштымын. Жарыс жалпы ойымнан шықты".
Осы сайыстарда Қазақстан атынан сынға түскен Семен Пивоваров 43-і болып мәреге жетсе, әйелдер арасында Ғазиза Кумакбаева жарысты тәмамдай алмады. Ал Арина Шульгина жалпы есепте 11-ші нәтиже көрсетті.
Ал 16 маусымда астаналық Триатлон паркте нағыз спорт мерекесі өтті. Күні бұрын өткен триатлоннан Әлем кубогі аясында әуесқой спортшылар үшін “TEMIRADAM” Кубогінің IV кезеңі, "TEMIR BALA" балалар сайысы мен "TEMIRADAM" Challenge" жүзу додасы ұйымдастырылды. Жалпы алғанда Триатлон парк сайыстарында триатлон, жүзу және балалар сайыстарының қатысушыларын қоса алғанда 400-ден аса спортшылардың басы қосылды. Әдеттегідей елорда ауа райы осындай керемет жарыстың өтуіне қолайлы болды.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Шығыс-Қазақстан облыстарынан, сонымен қатар, Украина, Ресей, Испания және Ұлыбританиядан келген 230 триатлет "стандартты" қашықтықта (1500 м жүзу, 40 км веложарыс, 10 км жүгіру) бақ сынады.
Жеке абсолюттік есепте 2 сағат 9 минут 40 секунд нәтиже көрсеткен бұрынғы кәсіби спортшы Дмитрий Либер (Омбы) бірінші орын иегері атанды. Ал әйелдер арасындағы абсолютті жеке есепте 2 сағат 37 минут 4 секунд уақытымен алматылық Салтанат Қазыбаева үздік шықты. Эстафеталық командалар арасында алматылық "Fidelity Triathlon Team" командасы озып шықты (2 сағат 10 минут 25 секунд).
"TEMIRADAM" Challenge" жүзу жарысының 35 қатысушысы 750 м және 1500 м қашықтықты бағындырса, "TEMIR BALA" балалар сайысында 7-15 жасар аралығындағы 150 жас спортшы жүгіруден мықтыны анықтады.
Қазақстандық Триатлон Федерациясының Президенті Кәрім Мәсімов пен Вице-президенті Айдын Рахымбаев барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыстады.
Сайыстың толық нәтижелері www.triathlon.org.kz сайтында.