Нұр-Сұлтанда киокусинкай каратэден әлем чемпионаты өтеді
Әлем біріншілігі Kyokushin World Union халықаралық қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылады. 2011 жылы негізі қаланған ұйымның басты мақсаты – барлық киокусин федерацияларын бір тудың астына біріктіру.
Бір ерекшелігі, KWU әлем чемпионатына кез келген халықаралық ұйымның спортшылары қатыса алады. Биыл әлем чемпионатына іріктеу турнирлер әлемнің 60-тан астам елінде өткен. Байрақты бәсекеге Жапония, Испания, Польша, Болгария, Бразилия, ОАР, Австралия, Ресейдің үздік спортшылары қатысады.
Әлем чемпионатында ерлер 60, 65, 70, 75, 80, 85, 90, 95 және 95 килодан жоғары, ал қыздар 50, 55, 60, 65, 70 және 70 килодан жоғары салмақ дәрежелерінде жүлдені сарапқа салады.
KWU ережесі бойынша, бір салмақта бір елден тек бір спортшы қатыса алады. Жарыс қожайыны ретінде Қазақстаннан екі құрам шығуына болады.
Киокусиннің негізін салған белгілі шебер - Масутацу Ояма. Ол каратэ Отаны саналатын Жапонияда ғана емес, сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінде де танымал саналады. Киокусин негізіне тек спорттық қана емес, сондай-ақ жекпе-жектің қолданбалы аспектілері де жатады.