Нижат Рахимов үш адам қатысқан жарыста үшінші орын алды

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ Ізтұрған Алдауев

Қазақстандық ауыр атлет қатысқан 73 келіге дейінгі салмақта бар болғаны үш қана спортшы бақ сынады. Нижат жұлқа көтеруді 130 келіден бастады. Екінші мүмкіндігінде 135 келіні еңсерді. Алайда 138 келі келгенде белін ауырсынып, зілтемірді көтеруге ниет етпеді. Серпе көтеруді 140 келімен бастап, кейінгі мүмкіндіктеріне шыққан жоқ.

Бұл салмақта беларусь Вадим Лихарад жеңімпаз атанды. Ол қос жаттығу бойынша 334 келі (150+184) көтерді. Күмісті грек Дмитриос Гиоргилиос (283 келі) еншіледі.

81 келіге дейінгі салмақта жарысқа қатысқан Айдар Қазов төртінші орыннан (145+185) көрінді. Бұл салмақта жарысқа 8 спортшы қатысты.

Кеше 61 келіге дейінгі салмақта Игорь Сон күміс медаль жеңіп алған болатын.

Айта кетейік, "Катар кубогы" халықаралық турнирінің маңызы жоғары. Бұл бәсеке 2020 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу кезеңі аясындағы жарыстар қатарына енеді. Спортшыларға рейтингтік ұпай сыйлайды.

Дохадағы додаға Қазақстан атынан 9 ауыр атлет қатысатыны жайлы хабарлаған болатынбыз. Олардың қатарында Илья Ильин де бар.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама