Мырзағали Айтжанов Венгрияда бақ сынайтын боксшылар есімін атады

О Сансызбай Корреспондент

Бас бапкер жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан додаға, ұлттық құрамаға қосылып, буыны бекіп келе жатқан жастарды апарғалы отыр екен. Оның үстіне ұлттық құраманың боксшыларының көбі дерлік ірі жарыстарда (APB және WSB) өнер көрсетуде. Мұның барлығын тілге тиек еткен Мырзағали Айтжанов өзге ел құрамалары да бірінші нөмірлі боксшыларын апара қоймайтынын айта кетті.

59-шы рет байрағын желбіреткелі отырған додада Мырзағали Айтжанов шәкірттерінің жеңімпаз тұғырынан көрінетініне сенім артып отыр. Өткен жылы «Иштван Боскай» турнирінде қазақстандық үш боксшы топ жарған болатын.

- Шыны керек, жарысқа ешкім жеңілу үшін бармайды. Біз осыған дейінгі бұл турнирде сәтті өнер көрсетіп келдік. Бұл жолы да табысты, жеңісті болады деп сенемін – деді бас бапкер.

Сонымен мажар елінде бақ сынауға баратын боксшылар да іріктеліп үлгерді. 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде павлодарлық Қуаныш Сабыр ел намысын қорғайды. 56 келіде Мирас Жақыпов (Жамбыл облысы) шаршы алаңға көтеріледі. 25 жастағы Мирас аттанғалы отырған құрамдағы тәжірибелі боксшы. 64 келіде – қарағандылық Мақсат Жексенбі, 69 келіде – оңтүстік қазақстандық Бекзот Халметов, 75 келіге дейінгі салмақта Нұрзат Сабыров (ОҚО) жұдырықтасады. Ал 81 келіге дейінгі салмақта Мырзағали Айтжанов павлодарлық Шаймұрат Құсайновқа сенім артып отыр.

Айта кетейік, бокстан 2015 жылы халықаралық турнирлерден бөлек, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама тарататын ірі додалар да өтеді. Олардың қатарында Азия чемпионаты (Бангкок, Тайланд) мен әлем чемпионаты (Доха, Катар) бар. 

Сурет:info-tses.kz

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама