Мырзағали Айтжанов: «Жаңа маусымға жақсы көңіл-күймен келдік»
Осы турнирге біздің жігіттердің қалай дайындалғаны және Италияның Ассизи қаласында өткен АИБА-ның кезекті семинарында қандай мәселелер талқыланғаны туралы біз бокстан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтан сұрап, білген болатынбыз.
— Мырзағали Құланұлы, екі аптадан соң, Астанада біздің боксшылар «Үздік төртеудің» турниріне қатысатын болады. Осы додаға дайындықтарыңыз қалай өтуде?
— Барлығы да бапкерлердің жоспарлаған жүйесі бойынша өтуде. Жаңа маусымға біз жақсы көңіл-күймен келдік. Команда қатарында өте тәжірибелі боксшылар мен командаға енді ғана қосылған жас былғары қолғап шеберлері де бар. Команда ішіндегі атмосфера да жақсы. Барлық жігіттердің Ұлттық құрамаға келетін мүмкіндігі бар. Тек өзінің шынайы мықты екенін дәлелдесе болғаны. Биыл наурыз айына дейін Венгрия, Болгария, Чехия, Германия, Әзірбайжан және Хорватияда түрлі жарыстар өтетін болады. Біз де ол жарысқа қатысамыз. Ал төрт елдің қатысумен өтетін турнирге біз Астанада дайындалып жатырмыз. Тамыз айында кубалық боксшылармен бірге оқу-жаттығу жиындарын өткізуді де жоспарлап жатырмыз.
— Әзірбайжан, Өзбекстан, Украина командалары Астанадағы турнирге кіл мықтыларын алып келе ме?
— Ия. Ол командалар елінің бірінші нөмірлі боксшыларын алып келуі тиіс. Дегенмен, қазір көптеген елдердің боксында буын алмасу кезеңі өтіп жатыр. Сондықтан да ол елдер алдағы уақытта сол мемлекеттің бірінші нөмірлі боксшысы атауы мүмкін спортшыны алып келуі де ғажап емес.
— Биыл Қазақстан бокстан Әлем чемпионатын қабылдайтын болады. Бұл сіздердің жауапкершіліктеріңізді екі есе арттыратыны анық. Өйткені, жанкүйерлер біздің боксшылардан тек жеңіс күтеді. Бұл жөнінде не айта аласыз?
— Біз бокстан Әлем біріншілігін қабылдайтынымызды білген соң, бокс саласындағы адамдардың жүктері екі еселенгені анық. Боксшылардың да жағдайы сол. Өз үйімізде, өз шаршы алаңымызда жақсы өнер көрсетіп, жанкүйерлерді көптеп қуантамыз деген ойдамын. Сол үшін де жатпай-тұрмай дайындық жүргізіп жатырмыз.
— Сіз өткен аптада Италияның Ассизи қаласында АИБА-ның арнайы семинарына қатысып келдіңіз. Курстар қалай өтті?
— Үстіміздегі жылы АИБА-ның жаңа бас киімсіз жұдырықтасу, ұпай санау ережесіндегі өзгерістер және тағы басқа жаңа жобалары іске асырылуда. Семинарға бокс әлеміндегі ең мықты мамандар жиналды. Үйренгенім өте көп болды. Біз ол жаққа Марат Жақиевпен бірге бардық. Семинар қорытындысы бойынша, АИБА-ның президенті Чинг Куо-Вудың қолынан ресми сертификат алып қайттық. Енді сол семинарлардағы алған білімімізді Қазақстанның бапкерлеріне үйрететін боламыз.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай
Cурет: prosportkz.kz