Моуринью "Тоттенхэмнің" тізгінін ұстады
56 жастағы маман 2022/23 жылғы маусымның соңына дейін Англияда жұмыс істейді. Бұған дейін "Тоттенхэмнің" тізгінінде болған Маурисио Почеттино бес жылдық жұмысынан кейін орнынан кетті. Ол өткен маусымда командасын Чемпиондар лигасының финалына дейін шығарған еді.
Жозе Моуриньюдің соңғы жұмыс орны - "Манчестер Юнайтед" болған. 2018 жылдың желтоқсан айында қызметінен кеткеннен соң бір жылға жуық жұмыссыз жүрді. Жалпы Жозе Моуринью футболсүйер қауымға жақсы таныс. Кезінде "Портоны", мадридтік "Реалды" және миландық "Интерді" жаттықтырған. "Манчестер Юнайтедтен" кеткеннен соң оған Испания мен Португалиядан бөлек футболшыларды қомақты қаржысымен қызықтыратын Қытайдан да ұсыныс түскен. Алайда Жозе ешқайсысына келісімін берген жоқ.
Соңғы уақытта Маурисио Почеттино мен "Тоттенхэмнің" директорлар кеңесінің басшысы Дэниель Леви арасында түсініспеушіліктердің болғаны белгілі. Алайда аргентиналық маман команданың биылғы маусымдағы нашар көрсеткішінен соң қызметінен кетті.
Оның орнына "Тоттенхэм" басшылығы "Борнмутты" баптаған Эдди Хоу, "РБ Лейпцигтің" жаттықтырушысы Джулиан Нагельсманн және өткен маусымда "Ювентусті" тізгіндеген Массимилиано Аллегриді қарастырған. Алайда батыс басылымдарының жазуынша Жозе Моуриньюдің өзі клубтың басшылығына қолқа салып, командаға келген көрінеді.
Жозе "арзан" жаттықтырушы емес
"Тоттенхэм Хотспур" бұрын-соңды қымбат бапкерлерді шақыртып көрмеген. Әлемдік деңгейдегі жаттықтырушылар лондондық клубты айналып өтетін. Алайда бұл жолы команда басшылығы тәуекелге барып көргісі келетін секілді.
Жозенің келуіне, тіпті, команданың жанкүйерлері де таңданысын жасырмады. Өйткені бұған дейін "Тоттенхэмді" баптауға Джулиан Нагельсманн лайық көрінетін
Почеттиноның еңбегі орасан
Қазір "Тоттенхэм" миллиард фунтқа тұрғызылған жаңа заманауи талаптарға сай стадионда доп тебеді. Жаттығу базасы да керемет. Басты жетістік - соңғы төрт жылда Чемпиондар лигасында үзбей бақ сынап, тіпті, финалға жолдама алуы.
Құрамдағы футболшылар еурододада сынға түсіп, пісіп алды. Дарынды ойыншылары да жетерлік. Бұған қарамастан "Тоттенхэм" ойыншыларына ешқашан жоғары жалақы төлеумен танылмаған. Шығынды қысқарту арқылы "Тоттенхэм" соңғы жылдардағы ең табысты клубтардың біріне айналды. Ал сәуір айында тарихында 113 миллион фунт табыс түсіріп, рекорд орнатты.