Меркель Қазақстаннан бұрын Ресей құрамасында ойнағысы келген
Александр Меркельдің агенті Қазақстан футбол федерациясының өкілдерімен келіссөз жүргізген. Ал футболшының өзі болса ұлттық құрама сапында ойнауға дайын екендігін жеткізген көрінеді.
Айта кетейік, бұл футболшы Алматы қаласында неміс отбасында дүниеге келген. Әкесі алматылық «Қайрат» сапында ойнаған. Кейіннен Александр Меркель 6 жасқа толғанда тарихи отандарына қоныс аударған. Қазіргі таңда ол Германия және Қазақстан азаматы болып саналады. 22 жастағы жартылай қорғаушы осыған дейін Еуропаның танымал «Милан» (Италия), «Удинезе» (Италия), «Дженоа» (Италия) және «Уотфорд» (Англия) клубтарында ойнаған. Десе де Йоахим Лев баптайтын Германия ұлттық құрамасы сапына шақырту алуға қабілеті жетпейтіні белгілі. ФИФА ережесіне сәйкес, Александр Меркель Қазақстан құрамасында өнер көрсете алады. Себебі, бұл футболшы Қазақстанда дүниеге келген. Келер жылы Юрий Красножан өз шәкірттерінің қатарына шақыртуы ғажап емес.
Александр Меркель 2007-2011 жылдар аралығында Германияның әр жастағы жасөспірімдер мен жастар құрамасында ойнаған. Ойындарында гол да соққан. 2009 жылы неміс жастар құрамасында ойнаудан бас тартып, Ресей ұлттық құрамасында ойнауға да емеурін танытқан көрінеді. Бір сұқбатында Ресей құрамасына бүйрегі бұрып тұратынын да жасырмаған. Кей ақпарат құралдарында Ресей құрамасы сапында ойнауды армандайтынын да айта кеткен. Кейіннен ресейліктер тарапынан ұсыныс түспеген көрінеді. 2011 жылы ұлттық құраманы Мирослав Беранек жаттықтырып тұрғанда Александр Меркельды ұлттық құрамаға шақырту ұсынысы болған. Бірақ, футболшы бұл ұсыныстан бас тартқан екен. Cол кезде чех маманы бұл ойыншыдан өзге ұлттық құрамаға Юрий Юдт («Рот Вайсс», Германия), Роман Нойштедтер («Шальке-04», Германия), Вилли Евсеев («Вольфсбург»), Макс Кремер («Ганза», Германия), Сергей Нойбауэр («Валуа Рибарола», Парагвай) және Константин Энгель («Ингольштадт», Германия) сынды ойыншыларды шақыртуды ойластырған. Бұлардың ішінен Константин Энгель ғана 2012 жылы ұлттық құрама сапына алынып, қазіргі таңда 6 ойынға қатысып үлгерді.
Сурет: motorvision.de