Мэнни Пакьяо соңғы жекпе-жегінде Тимоти Брэдлиді ұтты (видео)
12 раундқа созылған шаршы алаңдағы жекпе-жекте филиппиндік боксшы қарсыласынан мықты екенін танытты. Жетінші және тоғызыншы раундтарда америкалықты нокдаунға да жіберді. Тимоти Брэдли өз қателігінің орнын толтырып, бірнеше рет алға ұмтылғанмен, Мэнни Пакьяо өзіне деген сенімділікті жоғалтқан жоқ. Сәтті түскенде қарсыласына жойқын соққыларымен жауап қайтарып отырды. Нәтижесінде үш төреші де филиппиндік боксшыны жеңімпаз ретінде таныды.
Айта кетейік, Мэнни Пакьяо мен Тимоти Брэдли шаршы алаңда үшінші рет кездесті. 2012 жылы Тимоти жеңіске жетсе, 2014 жылы Мэнни америкалықтағы чемпиондық белбеулерін қайтарып алған болатын.
37 жастағы Мэнни Пакьяо шаршы алаңдағы 58-ші жеңісін тойлады. Сондай-ақ, 6 кездесуде жеңілліс тауып, 2 жекпе-жегін тең аяқтаған. Ал Тимоти Брэдли болса, спорттық мансабында екінші рет жеңіліп отыр. 33 жекпе-жекте жеңіске жетіп, бір кездесуін тең аяқтаған.
Мэнни Пакьяо осы кездесуінен кейін спорттық мансабын аяқтауы мүмкін. Боксшы болашақта саясатпен айналыспақ екен. Мамыр айында Филиппинде өтетін сенат сайлауына қатысады.