8 салмақ бойынша бұрынғы әлем чемпионы, филиппиндік былғары қолғап шеберіМэнни Пакьяо (60-2-7, 39 КО), 5 салмақ бойынша әлем чемпионы, америкалық Флойд Мейвезермен (50-0-0, 27 КО) реванш өткізу үшін келіссөздер жүргізіліп жатқанын растады. Жақын күндері бұл туралы ресми түрде мәлімет жарияланады. Әлі жекпе-жек қай күні өтетіні белгісіз. Мейвезер шаршы алаңға оралғанын хабарлады. Ол менің чемпиондық белбеуімнен дәмелі. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мен онымен кез келген уақытта шайқасуға дайынмын. Реванш жекпе-жекті өткізу мен үшін өте маңызды. Себебі онымен толықтай есеп айырысқан жоқпын. Бұл мүмкіндікті екеуміз де ұзақ күттік. Мен оған қарсы қалай шайқасуды білемін, деді Пакьяо. Осы жекпе-жек туралы өткен апта Мейвезер де айтып өтті. Мен биыл Мэнни Пакьяомен жекпе-жек өткізу үшін шаршы алаңға оралдым, деп жазған еді боксшы өзінің инстаграмм парақшасына.Флойд Мейвезер соңғы рет 2017 жылы Конор МакГрегормен жекпе-жек өткізіп, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен еді. Ал 39 жастағы Пакьяо мен 41 жастағы Мейвезер арасындағы алғашқы жекпе-жек 2015 жылы мамырда өткен еді. Ғасыр жекпе-жегіне баланған шайқаста америкалық Флойд Мейвезер Мэнни Пакьяоны ұпай айырмасыменжеңді. Бірінші раундтардан бастап басымдықты қолға алуға ұмтылған филиппиндік боксшы барын салғанмен, қорғанысты басты назарда ұстаған америкалық өз ұстанған жүйесін жүзеге асырды. Қашып жүріп жұдырықтасқан Флойд Мейвезер қарсыласының қателігін күтумен ғана жүрді. Ал өз кезегінде қарсыласты сұлатып қана жеңіске жетуді көздеген Мэнни Пакьяо 12 раунд бойы мықтылығын мойындата алмады. Қарсыластың мығым қорғанысы сыр бермеді. Нәтижесінде төрешілер шешімімен 118-110, 116-112, 116-112 ұпай айырмасымен америкалық боксшы өз атағын қорғап қалды. Сонымен қатар, WBA және WBC тұжырымдарындағы чемпиондық белбеуін сақтап, WBO тұжырымы бойынша да теңдессіз боксшы болып танылды.