Мартино маусым соңында еліне қайтпақ
DirecTV Sports арнасының мәлімдеуінше, аргентиналық маман өзін Каталонияда бақытсыз сезінетін көрінеді. Сондықтан маусым соңында еліне қайтуға дайындалып жүр деп хабарлайды. Ал El Mundo Deportivo хабарлауынша, бұқаралық ақпарат құралдарының қысымы бапкерді қажытқан көрінеді. «Барселона» ойынын Пеп Гвардиола баптайтын «Бавариямен» салыстырулар Херардо Мартиноның жүйкесіне әсер еткен. Бұл бапкердің ұзақ уақыт команда тізгінін ұстауға мүмкіндік бермей отыруының басты себептері екен.
Естеріңізге сала кетсек, 51 жастағы маман «Барселона» командасын осы жаздан бері баптап келеді. Бұл маусымда Ла-Лигадағы 16 кездесуден кейін небәрі 5-ақ ұпай шашау шығарды. Ал дәл осындай нәтижені мадридтік «Атлетико» да көрсетіп отыр. Сонымен қатар, каталондық клуб Андрес Иньестамен жаңа келісімшартқа қол қойды. Енді жартылай қорғаушы 2018 жылға дейін «Барселона» сапында өнер көрсететін болды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com