Марокко мен Тунис құрамалары әлем чемпионатына жолдама алды
Африкадағы елдер арасындағы іріктеу кезеңінде қос құрама ойыншыларының тасы өрге домалады. "С" тобындағы шешуші ойында Марокко құрамасы сырт алаңда Кот-д’Ивуар-ды 2:0 есебімен ұтты. Ал "А" тобында Тунис Ливиямен тең ойнады. Нәтижесінде бұл топта "Астана" ойыншысы Джуниор Кабананганың елі Конго ДР әлем чемпионатынан тыс қалды.
Марокко құрамасы әлем чемпионатына соңғы рет 1998 жылы қатысқан. Ал Тунис футболшылары болса 2006 жылы Германиядағы доп додасында бақ сынаған еді.
2018 жылы Ресейде өтетін доп додасын асыға күтіп жүрген жандар жетерлік. Бүгінде әлем чемпионатына Марокко мен Тунистен өзге жолдама алып үлгерген 23 құрама белгілі.
Атап айтар болсақ, Ресей, Бельгия, Англия, Германия, Испания, Исландия, Польша, Сербия, Франция, Португалия, Бразилия, Уругвай, Аргентина, Колумбия, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Сауд Арабиясы, Коста-Рика, Мексика, Панама, Мысыр және Нигерия құрамалары жолдама алып үлгерген болатын.
Исландия мен Панама құрамалары алғаш рет әлем чемпионатына қатысқалы отыр.
Еске салайық, Ресейдегі әлем чемпионаты келер жылдың 14 маусымы мен 15 шілдесі аралығында өтеді.