Марко Ройс бундеслиганың ең үздік ойыншысы атанды
25 жастағы неміс жартылай қорғаушысы Марко Ройс, 28,6 пайыз дауыс жинап, неміс бундеслигасының 2013-2014 футбол маусымындағы ең үздік ойыншысы атанды. Марко Ройс осы маусымда ішкі біріншілікте 30 ойын өткізіп, 16 гол соққан болатын. Екінші орынға былтырғы маусымның жеңімпазы, Марко Ройстың командаласы, сұрмерген шабуылшы Роберт Левандовский жайғасқан екен. Ол 20,3 пайыз дауыс жинаған. Үздік үштікті 10,1 пайыз дауыспен мюнхендік "Баварияның" жартылай қорғаушысы Арьен Роббен қорытындылап тұр.
Маусымның ең үздік жас ойыншысы атағын "Аугсбург" командасының жартылай қорғаушысы Андре Хан (суретте) иеленді. Оның еншісінде 20,3 пайыз дауыс бар.
Осы маусымдағы бундеслиганың ең үздік бапкері болып "Аугсбург" командасының бас бапкері Маркус Вайнцирль (суретте) танылды. Ол 30,7 пайыз дауыс жинаған. Маркус Вайнцирль командасы осы маусымда неміс бундеслигасында 8 орынға тұрақтап отыр. Германия чемпиондары, мюнхендік "Баварияның" бас бапкері Хосеп Гвардиола 25,6 пайыз дауыспен екінші орынды місе тұтты. Үздік үштікті дортмундтық "Боруссияның" бас бапкері Юрген Клопп түйіндеп тұр. Ол 18,6 пайыз дауыс жинаған.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: bleacherreport.com, football-side.com, footballtop.ru