Маргарита Елисееваның жолы болмады

О Сансызбай Корреспондент

Жұлқа көтеруде жерлесіміз екі мүмкіндігінде де 82 келіні бағындыра алмады. Соңғы мүмкіндігінде бір келіге артық тапсырыс беріп, тағы да сүрінді. Бәлкім, о баста тапсырыс берген 78 немесе 80 келіні өзгертпей-ақ қойғанда болар ма еді...

Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни Маргарита жайлы өз ойын білдірді. Ол спортшының болашағына сеніммен қарайды. Ұлттық құрамада қалатынын да мәлімдеді. Сонымен қатар, спортшы 6-7 келі салмақ қуған. Екі күн бойы аз тамақтану зілтеміршімізді діңкелеткені де байқалып тұр. Өйткені, бапкерінің айтуынша, спортшы дайындық кезінде 82 келіні сескенбей көтеріп жүрген. Инчхондағы Азия ойындарынан кейін Маргарита психологиялық тұрғыдан да дайын болмай шыққан секілді. Жұлқа көтеруде жолы болмаған жерлесіміз серпе көтеру сынына қатысқан жоқ. Сондай-ақ, 2004 жылғы Афины Олимпиадасында, және 2010 жылы әлем чемпионы атанған түркиялық спортшы Нұрчан Тайланның да жұлқа көтеруде жолы болмады.

48 келіге дейінгі салмақта алтын жүлде қытайлық спортшы Юань Тянға бұйырды. Ол екі сайыс қорытындысы бойынша 194 келіні бағындырып, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Күміс Түркиядан келген Озкан Конакка бұйырса, қоланы тайландтық Панида Камсри жеңіп алды. Негізінен екі спортшы да қос жаттығу қорытындысында 189 келі көтерген еді. Тек түркиялық спортшының қарсыласынан 33 грамм жеңіл болуы рөл ойнап кетті.

Естеріңізге сала кетсек, Алматыдағы әлем чемпионаты 16 қазанға дейін жалғасады. Дүбірлі додаға әлемнің 78 елінен 683 спортшы қатысуда. Ертең әйелдер арасында 53 келіге дейін Зулфия Чиншанло мен ерлер арасында 69 келіге дейінгі салмақта Альберт Линдер ел намысын қорғайтын болады.

Cурет: almaty2014iwf.com

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама