Марат Жақиев венесуэлалық клубқа қарсы қандай құрам дайындап отыр?
Алдын-ала жарияланған боксшылар құрамы алдағы уақытта өзгеріп қалуы да ғажап емес. Әзірге бас бапкер Марат Жақиев нақты кімдердің жұдырықтасатыны туралы мәлімдеме жасаған жоқ. Десе де ертерек жарияланған ақпараттарға сүйенсек, венесуэлалық клубқа қарсы шығатын құрам белгілі.
49 келіде осыған дейін клуб намысын қорғап келе жатқан Мардан Берікбаев шаршы алаңға көтеріледі. Оның қарсыласы – Файнол Ривас. Бұл салмақта Марданнан өзге Теміртас Жүсіпов пен Жомарт Ержан бар. 56 келіде Мейірболат Тойтов Хосе Диаспен жұдырықтасады. Ал 64 келі салмақ дәрежесінде Самат Башеновтың қарсыласы – Луис Аркон. 75 келіде Жәнібек Әлімханұлы емес, Мейірім Нұрсұлтанов жұдырықтаспақ. Оның қарсыласы – Хуан Родригес. Ал 91 келі салмақтағы Василий Левит Альфонсо Флореспен кездеседі. Ол бұл салмақтағы әзірге жалғыз боксшы. Осыған дейін Алмат Серімов допинг дауына ілігіп, екі жыл спорттан шеттетілген болатын. Алдағы уақытта Антон Пинчук (91 келі) клуб қатарын толықтыруы мүмкін.
«Astana Arlans» пен «Caciques Venezuela» клубтары арасындағы жекпе-жектер 17 қаңтар күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтеді. Ал бір күн алдын тілшілерге арналған пресс-конференция ұйымдастырылатын болады.
Сурет: massaget.kz