Марат Абыкаев: «Africa Eco Race» жарысында сәтті өнер көрсетуге тырысамыз»

ЮРИЙ НИКУЛЛИН Корреспондент

-  Алдымен жуырда аяқталған «Rally Dakar» мен «Africa Eco Race» додасы туралы айтып берсеңіз...

- Жаңа маусым жуырда ғана басталғаны белгілі. Дегенмен осы аз уақыттың ішінде біздің команда екі бірдей айтулы додаға қатысты. Біріншісі, ол «Rally Dakar» болса, екінші, біздің команда «Africa Eco Race» жарысына қатысып қайтты. Жалпы «Rally Dakar» додасында жігіттер жақсы өнер көрсетті. Бірақ, үздіктердің қатарынан көріне алмадық. Ал «Africa Eco Race» жарысына біздің командадан үш экипаж қатысқан болатын. Өкінішке орай, жарыс барысында бір машинамыз жарыс жолынан шығып қалды. Қанат Шагиров пен Александр Марозов бастаған жүргізушілеріміз Т2 тұжырымында бірінші орын алды. Ал үшінші экипажымыз жалпы есепте он бірінші сатыда келді. Бұл да біз үшін өте жақсы көрсеткіш. Өйткені, Африка шөлдерінде жарысқа 60 шақты көлік қатысқан болатын.

-  Енді әңгімемізді ертең басталатын «Abu Dhabi Desert Challenge» жарысына қарай бұрсақ. Жалпы бұл жарысқа «OFF ROAD Kazakhstan» командасынан қанша экапаж қатысады және де алдарыңызға қандай мақсат қойдыңыздар?

- Команданың бірнеше жүргізушісі қазір сонда. Біз ертең таңертең жолға шығамыз. Ол жаққа барып, бірден техникалық бақылаудан өтеміз. Жалпы «Abu Dhabi Desert Challenge» жарысына біздің команданың атынан 4 экипаж, ал жаңадан құрылған «MOBILEX Rally Team» командасынан бір көлік жарыс жолына шығатын болады. Айта кететін жайт, бұл додаға Қазақстан атынан тұңғыш рет мотоциклдер жарысына қатысатын боламыз. Команда қатарында менеджер қызметін атқарған Александр Линник квадроциклдердің жарысына қатысады. Экипаждарға келетін болсақ, өте тәжірибелі Қанат Шагиров пен Александр Марозов, Денис Березовский мен Алексей Некижев, Жанат Жалынбеков пен мен, «Астана» командасынан Бауыржан Исабаев пен Айдын Рахымбаев көліктің тізгінін ұстайтын болады. Әрине, біздің басты мақсатымыз – бұл жарыста жеңу. Жалпы командалық есептегі көрсеткішіміз де жақсы болады деген ойдамын. Себебі, біз ол жаққа бірнеше машиналарамызды алып бара жатырмыз.

-  Жалпы жарыс жөнінде айтсаңыз. Қанша, қандай командалар қатысады?

- «Abu Dhabi Desert Challenge» жарысы автокөліктер арасындағы Әлем біріншілігінің екінші кезеңі болып саналады. Алдағы жарысқа шамамен 17 команда қатысатын болады. Біріккен Араб Әмірлігінде өтіп жатқандықтан, бірнеше араб командалары қатысады. Дегенмен менің қолымда әлі де болса, нақты қандай командалар қатысатыны туралы ақпарат жоқ. Сол жаққа барғанда толығырақ білетін боламыз.

Осы уақытқа дейін көптеген автожарыстарды жақсы көретін жанкүйерлер «OFF ROAD Kazakhstan» командасы туралы мүлде білмей келді. Бұл команданың «Astana» командасына қатысы бар ма?

- Негізінен осы уақытқа дейін көп жарыстарға біз «Astana» командасының қатарында шығып жүрдік. Тек соңғы екі жарыста ғана «OFF ROAD Kazakhstan» деген атпен қатыстық. Жалпы, «Astana» командасы толығымен өкіметтің қаржыландыруындағы ұжым. Ал біздің команданың жеке демеушілері бар. Дегенмен біз «Astana» ұжымымен тығыз байланыстамыз. Себебі, біздің мақсатымыз бір! Ол - Қазақстандағы автомобиль жарыстарының деңгейін көтеру.

Әңгімеңізге рақмет!

Cұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай
Сурет: Жеке мұрағаттан

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама