"Ман Сити" кубок жолынан шығып қалды

Ла Лига Корреспондент

"Уиган" бірінші минуттардан сауатты іс-қимылымен көзге түссе, "Сити" өз қалауын орындауда талапсыздығын танытып, өз бөлігінде пас асырудан ары аса алмады.

"Латикс" өз мүмкіндігін күтумен болды, 26-минутта сол күткен мүмкіндігі келді. Мартин Демикелис өз айып алаңында Марк-Антуанның өкшесінен басып кетіп, он бір метрлік айып добы белгіленді. Хорди Гомес есепті ашты - 0:1.

Алаң иелерінің жағдайы үзілістен соң тіптен қиындай түсті. Джеймс Макартур сол жақ бұрыштан айып алаңына доп асырған болатын, Гаэль Клиши алыс бұрышта Джеймс Перчке кедергі қыла алмады - 0:2.

Кейінгі уақыт бөлігінде "Уиган" қорғанысқа жамбастап жатып алды, "Сити" болса толассыз шабуылға көшті. Сондай сәттердің бірінде, 64-минутта қосалқы құрамнан шыққан Эдин Джеко қақпаға баспен соққы бағыттаған еді. Бірақ, доп қақпа түбінен кері серпілді. 

"Ситидің" өктемдігі 68-минутта жемісін берді. "Қалалықтар" тайлы-тұяғымен қалмай, бұрыштама добын орындауға көшкен болатын. Насридің айып алаңынан бағыттаған соққысы қақпа торынан табылды - 1:2.

"Латикс" бір голмен болса да  өз бөліктерінен ойынды алып шығуға, бастарына төнген қауіпті басуға мүмкіндік алды. Алайда, демдерін ішке жинаған қалалықтар қайта бар күшімен алға шықты. Джеконың еншісінде бір-екі керемет сәттер болғанмен, бірақ бірінде соққының жолын қорғаушы кессе, бірінде  жақын жерден мүлт кетті.

Енді "Уиган" лондондық "Арсеналмен" ойын өткізеді. 

"Манчестер Сити" (Манчестер) – "Уиган" – 1:2 (0:1)

Голдар: Гомес 27’ (пенальти) – 0:1, Перч 47’ – 0:2, Насри 68’ – 1:2

"Манчестер Сити": Пантилимон, Ричардс, Лескотт, Клиши,Демикелис, Насри, Гарсия, Навас (Милнер 53’), Туре (Сильва 53’),Негредо (Джеко 53’), Агуэро

Қосалқы құрам: Компани, Коларов, Харт, Родвелл

"Уиган": Карсон, Крейни, Бойс, Рамис, Перч, Макичран (Эспиноза 66’), Маккэн (Барнетт 46’), Гомес,Макартур, Макманаман (Макклин 58’), Фортюн

Қосалқы құрам: Marcus, Аль-Хабси, Рогне, Ники

Ескертулер: Насри 34’, Туре 48’, Барнетт 69’, Милнер 77’, Карсон 85’, Джеко 85’, Эспиноза 90’

Бас қазы: Тэйлор Энтони.

"Этихад Стэдиум" (Манчестер) стадионы.

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: mcfc-fan.ru

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама