Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалындағы бірінші ойындар аяқталды. Түнде өткен ойындарда Ливерпуль Манчестер Ситиді 3:0 есебімен ұтса, Барселона Римнің Ромасын 4:1 есебімен сан соқтырды. Ширек финалдағы Ливерпуль мен Манчестер Сити арасындағы ойынды жанкүйерлер асыға күтті. Екі команданың бірін фаворит санау да қиын болды. Себебі тәжірибелі жаттықтырушылар Юрген Клопп пен Хосеп Гвардиоланың ойын жүйесін құрудағы шеберліктерінде шек жоқ. Алайда бірінші ойында мерсисайдтық клубтың асығы алшысынан түсті. 12 минутта Мұхаммед Салах гол соғып, Ливерпульды алға шығарды. 20 минутта Алекс Окслейд-Чемберлен тепкен доп та қонақтар қақпасында тулады. Ал 31 минутта Садио Маненің голы алаң иелеріне айқын басымдық сыйлады. Ойында Мұхаммед Салах жарақат алып қалды. Мысырлық ойыншының қанша уақыт алаңға шыға алмайтыны әзірге белгісіз. Барселона Ромадан бір бәс жоғары екенін бірінші ойында-ақ дәлелдеді. Камп Ноуда римдік команданы 4:1 есебімен ұтты. Бір қызығы, алғаш соғылған екі голды да Рома ойыншылары өз қақпаларына соғып алды. Даниэль Де Росси мен Костас Маноластың сәтсіздігі, каталондық клубқа қол болды. Сондай-ақ блуграна сапынан Жерар Пике мен Луис Суарес бір-бір голдан еншілеріне жазды. Римдік команданың бір голын Эдин Джеко соқты. Командалар арасындағы қарымта кездесулер бір аптадан кейін өтеді. Айта кетейік, кешеРеал сырт алаңда Ювентусты 3:0 есебімен ұтса, Севилья өз алаңында 2:1 есебімен Баварияға жол берген болатын.