Футболдан Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы Ливерпуль мен Рома командалары арасындағы бірінші ойын өтті. Мерсисайдтық команда өз алаңында римдік клубты 5:2 есебімен ұтты. Ойынның бірінші таймында Мұхаммед Салах екі гол соғып, дубль жасады. Мысырлық футболшы бұрынғы командасына құрметпен қарап, соққан голдарын тойлаған жоқ. Ал екінші таймда екі бірдей нәтижелі пас беріп, үздік ойынымен ерекшеленді. 56 минутта Садио Мане, араға 5 минут сала Роберто Фирмино гол соғып, жергілікті жанкүйерлерді қуантты. Ал 69 минутта Фирмино ойындағы екінші голын еншісіне жазды. Ойын соңына қарай Рома ойыншылары мінез көрсетті. 81 минутта Эдин Джеко өз мүмкіндігін пайдаланса, 85 минутта Диего Перотти пенальтиді сәтті орындады. Қос команда арасындағы қарымта ойын 2 мамырдан 3 мамырға қараған түні Римде өтеді. Айта кетейік, Рома ширек финалдағы бірінші ойында Барселонадан 4:1 есебімен ұтылып, қарымта ойында қарсыластарын 3:0 есебімен ұтып, жартылай финалға шыққан болатын.