Левитті Олимпиада алтынынан айырған төрешілер жазаланды

Айбар Рысдәулет Корреспондент
Фото ©️ Tengrinews

Inside the Games басылымының мәліметінше, ХОК қазірдің өзінде үш жыл бұрынғы төрешілерге 2020 жылғы Токио Олимпиадасында жұмыс істеуге тыйым салды. Бұған дейін Риода қызмет еткен төрешілер іріктеу турнирлерінен де шеттетілген еді. Ендігі барлық төрешілер мен реферилер төртжылдықтың басты додасына бару үшін арнайы аттестациядан өтеді. Ал олардың өмірбаяны мен істеген қызметі толықтай тексерістен өтетін болады.

Мұндай қадам әуесқой бокстағы төрешілердің бассыздығы мен жемқорлықтың жолын кесу үшін жасалды. Жанкүйер қауым Риода өткен Олимпиада ойындарында бокс төрешілерінің басы әбден дауға қалғанына куә болған еді. Осы сәтте Халықаралық Олимпиада комитеті 2016 жылғы Олимпиадада келісілген нәтиженің болған-болмағанын тексеріп жатыр.

Сондай-ақ ХОК Олимпиададағы бокс ережесіне кішігірім өзгеріс енгізді. Енді жекпе-жектің әр раунды аяқталған сайын таблода нәтиже шығып тұрады.

Естеріңізде болса, 2016 жылғы Олимпиадада бокс былыққа толы болды. 91 келіге дейінгі финалдық кездесуде Василий Левит ресейлік боксшы Евгений Тищенкомен жұдырықтасып, Рио Олимпиадасының күміс медалін жеңіп алды. Алайда Тищенконың жеңісі жарияланған кезде залда жиналған жанкүйерлердің бәрі ысқырып, төрешілердің шешіміне наразылығын білдірді. Артынша бокс жанкүйерлері мен сарапшылары төрешілерді сынға алып, нәтижені қайта қарауға ұсыныс білдірген.

Дегенмен арада үш жыл өтсе де, бокстағы былықтан арыла алмай келеміз. Биыл Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында Василий Левит жартылай финалда сүрінеді. Эквадорлық тәжірибелі боксшы Хулио Сезар Кастильо Торреске қарсылас атанып, тең жекпе-жек өткізген. Алайда төрешілердің пікірі қақ жарылып, басым дауыспен Хулио Торрес жеңіске жетті. Жанкүйерлер мен сарапшылардың бұл жекпе-жекте қызмет еткен төрешілердің жұмысына көңілі толмаған еді.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама