"Лестер" мен "Ювентус" Чемпиондар лигасын жалғастырады
"Лестер" (Англия) – "Севилья" (Испания)
Өткен маусымда ағылшын премьер-лигасының чемпионы атанған "Лестер" бұл маусымды ала-құла өткізуде. Сәтсіздігіне байланысты бас жаттықтырушы Клаудио Раньери қызметінен кетті. Нәтижесінде түнде өткен ойынға команданы Крэйг Шекспир бастап шықты. Ол маусым соңына клубты жаттықтыратын болады.
Бірінші ойында 2:1 есебімен ұтылған "Лестер" қарымта ойында "Севильяны" 2:0 есебімен ұтты. 27 минутта Уэс Морган алаң иелерін алға шығарды. Ал 54 минутта Марк Олбрайтон ағылшындық команданың екінші голын соқты. 80 минутта "Севильяның" есепті қысқартуына зор мүмкіндік болған. Алайда Стивен Нзонзи пенальтиді сәтті орындай алмады. Қақпашы Каспер Шмейхель допты қайтара білді.
Қос ойын қорытындысы бойынша 3:2 есебімен "Лестер" ширек финалға шықты. Ағылшындық команда өз тарихында Чемпиондар лигасына алғаш рет қатысып отыр.
"Ювентус" (Италия) – "Порту" (Португалия)
Туриннің "Ювентус" футбол клубы да ширек финалға сүрінбей шықты. Бірінші ойында "Портуды" 2:0 есебімен ұтса, түнде өткен қарымта ойында 1:0 есебімен басым түсті.
40 минутта "Порту" қорғаушысы Макси Перейра өз айып алаңында қолмен ойнап, алаңнан қуылды. Паоло Дибала пенальтиді сәтті орындап, командасын алға шығарды. Одан кейінгі аралықта командалар гол соққан жоқ.
Екі ойынның қорытындысы бойынша "Ювентус" ширек финалға шықты.
Бүгін түнде "Атлетико" (Испания) мен "Байер" (Германия), "Монако" (Франция) мен "Манчестер Сити" (Англия) арасындағы қарымта ойындар өтеді. Ал ширек финалдың жеребесі 17 наурыз күні тартылады.