Лэнс Армстронг жүзуші болмақ
Жузуден турнир United States Masters Swimming атты америкалық ұйымның ұйымдастыруымен өтпек екен. Атқарушы директор Роб Батчердің сөзіне сенсек, допинг қабылдаса да оны қатыстыра беретін болған, ал жалпы жарыс антидопингтік агенттіктің талаптарына жауап бермейді. Атақты чемпионның барлық марапатын тартып алып, қандай да бір жарысқа қатыстырмау керек деген шешім жасаған да осы агенттік болғанын еске сала кетейік.
«Біздің мақсатымыз ересектерді жүзу спорт түріне шақыру ғана. Біз алпысыншы жылдардан бері жұмыс жасап келеміз» дейді Батчер.
Лэнс Армстронг өзінің жасымен қатарлас (40–44 жас аралығы) спортшылармен 500, 1000 және 1650 метр қашықтықтарға қатысуға жазылып қойған. Ал бұған дейін даулы велошабандоз жүзу, жүгіру және велосипед тебу спорт түрлерін қосатын триатлонға және марафондық жүгіруге қатысқан болатын.
Лэнс Армстронг – америкалық танымал велошабандоз. Оның «Тур де Франс» додасындағы марапаттарынан бөлек, 1993 жылғы әлем чемпионатының жеңісі, Сидней Олимпиадасының қола медалі және тағы да басқа көптеген марапаттары бар. Оның танымалдылығы ісік (Рак) ауруынан айығып кеткен спортшы болғандықтан да елге жайылды. Ол 2011 жылы спорттағы жолын аяқтаған болатын. Бірақ жыл өткен соң, 1998 жылдан бергі марапаттарының барлығы да жоққа айналды. Алғашқы кезде айыптауларға қарсы болған спортшы кейін Опре Уинфри есімді журналиске берген сұхбатында мойындаған еді.
Айтпақшы, аңызға айналған спортшының өмірі жайлы баяндалатын фильм де шығатын болды. «Өтіріктер циклы: Лэнс Армстронгтың жеңілісі» («Цикл лжи: падение Лэнса Армстронга») атты фильмді Paramount Pictures және Bad Robot компаниялары қолға алып отыр. Сценарий авторы Джульетта Макур. Сценарист атақты спортшының өмірі туралы деректі шығармасын 1996 жылы, ол ісік ауруын жеңген кезінен бастап жазған көрінеді.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: furfurmag.ru