Лас-Вегаста қазақстандық бес спортшы да әлем чемпионы атанды
Алғаш болып 61 кг салмақ дәрежесінде Ақмолда Сайрамкез әлем чемпионы атанды. Одан кейін Сайхан Тайсуев (67 кг) үздік шығып, алтын медаль еншіледі. Жас санатына байланысты серпе көтеруде әлем рекордын жаңартты.
Құрама қоржынына үшінші алтын медальды Сәпи Есенкелді салды. Ол 81 кг салмақта қарсыластарынан 21 кг артық көтеріп, әлем чемпионы болды.
Қазақстандық ауыр атлеттердің жеңіс жолын Рахат Бекболат пен Ольга Пастухова жалғады. 96 кг салмақта бақ сынаған Рахат қос бағдарлама бойынша 323 кг салмақты көтерді. Жұлқа көтеруде - 144, серпе көтеруде 179 кг салмақты бағындырды.
Қыздар арасында 81 кг салмақта сынға түскен Ольга Пастухова да әлем чемпионы атанды. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 215 кг салмақты бағындырды. Жұлқа көтеруде - 92, серпе көтеруде 123 кг салмақты еңсерген жас спортшы қарсыластарын шаң қаптырды.
Осылайша Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Лас-Вегастағы (АҚШ) әлем чемпионатын 5 алтын медальмен аяқтады. Ұлттық құрама сапында барған бес спортшының бесеуі де әлем чемпионы атанды.
Лас-Вегастағы жас ауыр атлеттер аламаны 15 наурыз күні аяқталады. Жарысқа 13 пен 17 жас аралығында 50 елден 200-ге тарта спортшы қатысуда. Екі салмақ дәрежесі бойынша ғана жеңімпаздар анықталған жоқ. Дегенмен Қазақстан құрамасы 5 алтын нәтижесі бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.
Айта кетейік, ауыр атлетикадан Қазақстан жасөспірімдер құрамасын Бақыт Ахметов жаттықтырады.