Қырғызстан президенті өзбек бапкеріне көлік мінгізді
Қырғыз елінің басшысы өзбек жаттықтырушысын арнайы қабылдап, жарыс кезіндегі көмегі үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ сый-құрмет көрсетіп, көлік мінгізді.
«Бүкіл әлем Орталық Азия халықтарының бір-бірін қолдап, бірлігі мен достық қарым-қатынастарын көрсетіп жатқанын көрді. Спортты бейбітшіліктің елшісі деп атайды. Өз үлгіңізбен Сіз өзара келісімді нығайтуға үлес қосып отырсыз. Бірлігіміз одан әрі нығая берсін деп тілеймін», — деді Садыр Жапаров.
Сонымен қатар Қырғызстан президенті өзбек спортшыларының Олимпиада ойындарындағы нәтижесін жоғары бағалады. Акмаль Хасановтың Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Мунарбек Сейитбекуулуна ерекше қолдауға мұқтаж болған сәтте батырлық жасағанын айрықша атап өтті.
«Ата-бабаларымыз батырларын мойындап, оларға арғымақ сыйға тартқан. Қазір көлік сыйлау дәстүрге айналғанымен, дәстүрдің рухы өзгермейді — бұл ерен еңбегі үшін құрмет пен алғыстың белгісі, — деп қосты Қырғызстан президенті.
Өз кезегінде, Акмаль Хасанов та алғыс білдіріп, бірнеше рет оқу-жаттығу жиындарында Мұнарбек Сейітбекуулумен кездескенін және оның секунданты болуға еш ойланбастан келіскенін айтты. Ол сондай-ақ президент Садыр Жапаровты және барлық қырғыз халқын лайықты жеңісімен құттықтап, Қырғызстан спортшыларының келесі Олимпиада ойындарында алтын медальға ие болуын тіледі.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасында қырғыз боксшысы өз елінің тарихында алғаш рет финалға шығып, тарихи күміс жүлдеге қол жеткізген еді. Ал финалға дейін оны өзбек бапкері Акмаль Хасанов алып шыққан болатын.