Кувейтте Елдос Жұмаханов пен Мариан Ордабаева қола жүлде еншіледі

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ vesti.kz

Қола жүлдеге 6 бірдей қазақстандық дзюдошы мүмкіндік алды. Алдымен әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Александра Подрядова жүлдеден қағылса, ел сенім артқан Елдос Сметов (60 келі) қырғыз Отар Бестаевтан иппон әдісімен ұтылып қалды. Ал оған дейін екі рет жеңе алмай келген қарсыласы жапон Чинджи Кидоға есе жіберіп алып, чемпиондық атақтан үміт үзген еді.

Әйелдер арасында Назгүл Құбашева (57 келі) да қола жүлде үшін таласта қытайлық дзюдошыға жол беріп алды. Ал ерлер арасында 73 келіге дейінгі салмақта Дастан Ықыбаев жапон Соичи Хасимотодан жеңіліп, қола жүлдеден қағылды.

Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына бірінші болып 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Елдос Жұмаханов жүлде салды. Ол алғашқы айналымды үндістандық Саини Синхты иппонмен жеңсе, екінші айналымда өзбек 2010, 2011 жылғы әлем чемпионы, Пекин және Лондон олимпиадасының қола жүлдесін алған Ришод Собировты юко әдісімен ұтты. Отандасымыз өзбекстандық спортшыны Варшавадағы әлем кубогында да жеңген еді. Елдостың жартылай финалда жолы болмай, жапон Тамафуми Такаходан жеңіліп қалды. Ал қолаға таласта қытайлық Ма Дуанбинді иппон әдісімен жеңіп, Азия чемпионатындағы алғашқы жүлдесін жеңіп алды.

Әйелдер арасында Мариан Ордабаева екінші рет Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ол жүлде үшін таласта қытайлық Янг Чин Ханды иппон әдісімен жеңіп шықты.

Кувейттегі Азия чемпионатының екінші күні де қазақстандық дзюдошылар жүлде үшін талас жүргізетін болады. Олардың қатарында ел сенім артып отырған Максим Раков пен Гүлжан Исанова да бар. Жарыс 15 мамыр күні командалық сынмен аяқталады. 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама