Күрестен Азия чемпионаты: Қазақстан қоржынында – үш қола

Қымбат Слямбек Корреспондент
Фото ©️ yandex.kz

65 кило салмақтағы Дәулет Ниязбеков ширек финалда Жапонияның мықтысы Такуто Отогуродан жеңілді. Үшінші орын үшін қандасымыз моңғолиялық Ниямдорж Батулганы 4:1 есебімен ұтты.

70 кило салмақтағы Мейіржан Әшіров үндістандық Навен Навенді айқын басымдықпен жеңіп, қоржынымызға қола медальді салды. Есеп – 12:1.

97 кило салмақтағы Әлішер Ерғали Парсы елінің өкіліне есе жібергеннен кейін қырғызстандық Магомед Мұсаевтың осал тұсын тапты – 11:5. Бұл бәсекеде де қола медальдің иегері анықталады. 

Ал 50 кило салмақтағы Нұрислам Санаев жапониялық Юки Такахаге және 79 кило салмақтағы Ғалымжан Өсербаев ирандық Әли Бақтияр Савадкоухиге жол беріп, жеңіс түғырына көтеріле алмады.

Ал Германияда дзюдодан өтіп жатқан Grand Slam турнирінің екінші жарыс күні де Қазақстан құрамасына жүлде бұйырмады.

73 кило салмақтағы Мадияр Сембаев тұсаукесер кездесуінде словениялық Мартин Новактан ұтылса, Аңсарбек Ғайнуллин Мальта балуаны Джереми Саювеоға сан соқтырды. Алайда одан кейін Аңсарбек украиналық Артем Хомулаға есе жіберді.

81 кило салмақтағы Руслан Мұсаев ресейлік Хасан Қалмұрзаевқа жарытып қарсылық көрсете алмады. Аслан Сағатбек габондық Теренсе Коуамбаны қапы қалдырғанымен, іле-шала Ли Джиннен жеңілді.

Әйелдер арасында 63 кило салмақтағы Иоланта Бердібекова мадагаскарлық Дамиела Номенжанахариден басм түскенімен, екінші айналымда Словенияның даңқты балуаны Тина Трестнякқа тізе бүкті.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама