Кумыков пен Пасулькоға не жетпеді?
Ел премьер-лигасындағы екі ұжым да соңғы кездесулерінде сәтсіз ойнап келеді. Ал осы турда бір-бірімен жолыққан футбол ұжымдары өзара мықтыны анықтаған-ды. Кездесуде қарағандылық команда 3:0 есебімен қарсыласын ойсырата жеңген еді. Енді осы кездесу соңынан бір даудың төбесі көрініп отыр. Ол – қос команда бапкерлерінің жанжалы...
Шымкенттік команданың бас бапкері Виктор Пасульконың мәлімдеуінше, оқиға «Ордабасы» командасы автобусқа мініп, қонақүйге беттеуге қозғалар сәтте орын алған. Алдыңғы орындықта отырған бапкерді «кеншілер» ұжымының бас бапкері Виктор Кумыков келіп, жұдырықпен қойып қалған. Жергілікті команда тізгінін ұстаған маманның мұндай қадамға баруын Виктор Пасулько кездесу соңындағы пресс-конференцияда айтылған командаға сынымнан болса керек-ті дейді. Сонымен қатар, кездесу алдында Виктор Кумыковтың алкогольді ішімдік ішіп шыққанын да сездім деп отыр.
Алдағы уақытта «Ордабасы» командасының бас бапкері ел футбол федерациясына арыз жазбақ.
-Мұндай оқиғаны ескерусіз қалдыруға болмайды. Ол бүгін Қазақстандағы премьер-лига бапкерлеріне қол жұмсайды, ал ертең шет ел клубтарымен ойнағанда ше? Мен футболдағы мансабымда мұндайды көрмеппін. Бұл туралы Еуропа еститін болса, Қазақстанға күлетін болады.
Аталған оқиғаға байланысты «Шахтер» командасының бас бапкері де sports.kz-ке түсіндірме берді:
-Ол пресс-конферецияда менің командам жайлы жағымсыз сөздер айтты. Мен оған жай ғана менің командама араласпауын, өз тірлігімен айналысуын ескерттім. Егер мен оны соққыға жыққан болсам, ол сұхбат бермес еді.
Ал «Шахтер» командасының спорттық директоры Ұлықбек Асанбаев: «Егер Кумыков Пасульконы жұдырығымен ұрар болса, «Ордабасы» командасының бапкері жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығар еді» деп отыр. Тек екі команда бапкерлерінің түсініспеушілігі ғана орын алды деген қорытынды жасауда.
Не де болса, ХХІХ турдан кейін дауға айналған жанжалдың ақ-қарасын алдағы уақытта көре жатармыз. Әзір бұл іспен Қазақстан футбол федерациясының тәртіптік қадағалау комиссиясы айналысуда.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: kff.kz