Ағылшынның Ливерпуль футбол клубы ойыншы Филиппе Коутиньомен келісімшартын ұзартты. Бұл туралы команданың ресми сайты хабарлады. Футболшы мен команда арасындағы жаңа келісімшарт 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Мерзімі 5 жылға жоспарланған. Яғни жартылай қорғаушы командада 2022 жылға дейін ойнайды. Филиппе Коутиньо жаңа келісімшарт бойынша командадағы ең көп жалақы алатын футболшы атанып отыр. Мерсисайдтық клуб 1 шілдеден бастап жартылай қорғаушыға аптасына 200 мың фунт стерлинг төлейтін болады. Біріншіден команда өкілдерінің барлығына алғыс айтамын. Жаңа келісімшарт ұсынғанына өте қуаныштымын. Жаттықтырушылардың сенімін ақтап, бар күш-жігерімді саламын. Мен мұнда бақыттымын. Алғашқы күндерден бастап жанкүйерлер жылы қарсы алды. Команда үшін көп қарыздармын, - деді футболшы. Айта кетейік, бразилиялық жартылай қорғаушы Ливерпульге 2013 жылы Интерден (Италия) ауысып келген еді. Одан бергі аралықта 163 ойынға қатысып, 34 гол соққан.