Косоволықтың көзін көгертті
81 келі салмақта өнер көрсететін отандық былғары қолғап шеберіміз Әділбек Ниязымбетов косоволық Армендо Хохайемен кездескен болатын.
Үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті Әділбекке берді. Сенімді әрі салмақты қимылдаған қазақ спортшысы косоволық жігітті қапы қалдырды десек болады. Оның көрінісі, әр бөлікте Әділбек дөп тигізген ауыр соққыларымен қарсыласты жазғырып отырды. Қарсылас та осал емес еді, бірақ білік жетпеді. Алыс қашықтықта талас қыла алмаған соң, әріден соң табандылық көрсетуден қалды.
Еліміздің ең танымал спортшыларының бірі Әділбек Ниязымбетов еш қиналмастан ширек финалға шығып отыр. Бұған дейін былғары қолғап шеберіміз финляндиялық Вилли Хукканенді тізе бүктірген еді.
Ертеректе 60 келі салмақта Берік Әбдірахманов пен неміс елінің өкілі Роберт Харутюнянмен кездесіп, үш раундтың қорытындысы қазақ боксшы жеңімпаз атанды.
Алда 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Иван Дычко венгр Иштван Бернадтпен алғашқы кездесуін өткізеді.
Кешкі кездесулерде Ілияс Сүлейменов (52 келі) қырғыз елінің үкілеген үміті Азат Үсенәлиевпен кездессе, Данияр Елеусінов (69 келі) Сүлеймен Сиссохомен (Франция) ширек финал жолдамасын сарапқа салады.
Естеріңізге сала кететін болсақ, бокстан Алматыда өтіп жатқан Әлем чемпионаты 14 қазан күні басталған болатын. 26 қазанда мәресіне жетеді.
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
Сурет: vesti.kz