Көкшетаулық кикбоксшы халықаралық додада алтыннан алқа тақты (видео)
23 жастағы жерлесіміз кикбостан әлем чемпионы Мерген аралас жекпе-жектен өтетін халықаралық додаға қатысуға бірнеше ай бұрын өтініш білдірген екен. Ойламаған жерден оның өтінішін қабылдап, әлем құрамасының қатарына қосқан. Бұл туралы "Экспресс К" газеті жазды.
Мергеннің айтуынша, бұл шайқас оған оңайға соқпапты. Себебі, әлем құрамасының қатарындағылардың көпшілігі аты шулы кикбоксшылар болған. Ал бұл бүкіл ТМД елдерінің атынан жалғыз өзі барған.
Жігітке жеңіс оңайлықпен келмеген. Аяғы Үрімжіге тигеннен-ақ көптеген қиындықтарға тап болған. Мәселен, дода ұйымдастырушылары аяқ астынан оның 73 килограм салмақ дәрежесінде өнер көрсететінін хабарлаған.
Оны Мерген былай деп еске алады: "Жарыс алдында салмақ тастауға мәжбүр болдым". Иә Мерген батыр жарысқа қатысу үшін өз салмағынан (81 кг) сегіз килограм тастауға мәжбүр болған. Өзінің ұзақ айқасқа күші жетпейтін білген Мерген жекпе-жекті алғашқы минутта-ақ аяқтады. Ол қытайлық қарсыласын бар болғаны 35 секундта тізе бүктірді.
Алаштың қайсар жігітінің алаңда да қайсарлығынан танбай, жеңіс тұғырына көтерілген сәтін мына видеодан тамашалаңыздар.