Киевте бірнеше жарылыс болды. Украинадағы қазіргі жағдай қандай?
Киевте бірнеше жарылыс болды
5 маусымда Киевте бірнеше жарылыс болды. Украина астанасының Дарницкий және Днепр аудандарына зымыран шабуылдары жасалды. Бұл ақпаратты қала әкімі Виталий Кличко мәлімдеді.
"Бірнеше жарылыс болды. Қазір тиісті органдар тексеру жұмыстарын бастады. Жарылыс салдарынан қаза тапқандар жоқ, бірақ бір адам ауруханаға түсті", - деді Кличко.
Айта кетейік, Киевке шабуыл соңғы рет сәуірдің соңында болған еді.
Ресей Запорожье облысының 60 пайызын басып алды
Запорожье облысының 77 елді мекені соғыс салдарынан байланыссыз қалды, 2701 инфрақұрылым нысаны қирады, олардың 700-ге жуығы қалпына келтірілді. Бұл туралы аймақ басшысы Александр Старух президент Владимир Зеленскийге Запорожьедегі кездесу барысында хабарлады.
Ресейлік генерал Роман Кутузов қайтыс болды
Жексенбіде украиналық және ресейлік БАҚ Ресей армиясының генерал-майоры Роман Кутузовтың Луганск облысындағы Попасная маңындағы ұрыс кезінде қайтыс болғаны туралы хабарлады.
Бұл хабарды ресейлік депутат Дмитрий Саблин растады.
Генерал-майор Кутузов қайтыс болды деп хабарланған ауданды қазіргі уақытта Ресей әскерлері бақылауға алды.
Путин АҚШ-қа сес көрсетті
Егер АҚШ Украинаға РСЗО HIMARS-ты жеткізсе, Ресей жаңа аймақтарға шабуыл бастайды. Бұл туралы Владимир Путин "Россия 1" телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Ресей басшысының сөзінше АҚШ Украинаға соғыс техникаларын жіберу арқылы екі ел арасындағы дауды одан ары созып жатыр. Владимир Путин мұндай жағдайда қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр екенін білдірді.
Испания Украинаға Leopard A4 танктерін жеткізеді
Испания қысқа қашықтықтағы Shorad Aspide зениттік-зымыран кешендерін және Leopard A4 танктерін Украинаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы El Pais хабарлады. Испанияның қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 40-қа жуық жөнделген броньды машиналар да Украина армиясына берілуі мүмкін.
Зеленский Ресейді ЮНЕСКО-дан шығаруға шақырды
Украина президенті Владимир Зеленский өзінің кезекті үндеуінде Ресейді Украинаның мәдени мұрасын саналы және жүйелі түрде жоюға күш жұмсап жатыр деп айыптады.
"Мұндай әрекеттерге баратын мемлекет ЮНЕСКО мүшесі бола алмайды және оларға БҰҰ-да орын жоқ", - деді Зеленский.
Жақын аралықта Украина басшысы Ресейге қатысты санкциялар туралы кеңеске жаңа ұсыныстар жасамақ.
Украина ЕО-ға уақытша мүше болуы мүмкін
Австрия канцлері Карл Нехаммер Украина мен Молдова үшін Еуропалық Одақ оларды аралық мүшелікке шақыру керегін айтты.
Нехаммердің сөзінше, Украинаға Еуропалық экономикалық аймақ пен Еуропалық еркін сауда келісіміне ұқсас ЕО стандарттарын толық пайдалану үшін жағдай жасау керек.